Еуропада велосипедке сұраныс көбейді
Еуропада велосипедке сұраныс артты. Қарт құрлықта қазір қос дөңгелекті көлік табиғатты қорғау үшін ғана емес, қалалық өмір салтының бір бөлігі саналады. Яғни велосипедпен жұмысқа қатынау трендке айналған. Халықты экологиялық таза көліктерге көшуге үндеу мақсатында жұмыс берушілер қызметкерлерін тегін веломен қамтамасыз етуді күшейтті.
Асан – Атырау облысы Амангелді ауданы Шортанбай ауылынан шыққан ғалым. Қазір Бельгияның Монс университіндегі зерттеу орталығында қоршаған ортаны ластамайтын баламалы энергия өндірумен айналысып жүр. Жұмысқа, баратын жерінің бәріне күнде велосипедпен қатынайды.
Асан Әбдірахман, ғалым:
Осында оқитын студенттерге, қызметкерлерге осындай велик береді. Яғни экологиялық транспорт түрі. Қоршаған ортаға зиянымыз жоқ. Өзіміздің денсаулығымыз үшін өте пайдалы. Сондай-ақ велик айдағанымыз үшін қосымша ақы аламыз.
Қос дөңгелекті көлік пайдаланғаны үшін жұмыс беруші Асанға айына 30 мың теңгедей қосымша ақы төлеп отыр. Әрі дулыға, жарық шағылыстыратын қауіпсіздік күртешелерімен, тайғанамас үшін тікенекті резеңке дөңгелекпен қамтамасыз еткен. Осындай ынталандыру жүйесінің арқасында әріптестері арасында автокөлігін велосипедке ауыстырғандардың қатары артқан.
Люк Лаур, зерттеу орталығының бас менеджері:
Көпшілік үшін бұл бірреттік науқан емес, өмір салтына айналып жатыр. Автокөлікке балама бар кезде жұмысқа велосипедпен қатынау – ауаны ластамаудың бірден-бір жолы.
Иә, Бельгияда жұмысқа велосипедпен қатынау трендке айналып келеді. Оны мына паркингтен-ақ байқасаңыз болады. Қос дөңгелекті көлікті қоятын орын табу күннен-күнге қиындап барады. Статистикаға сүйенсек, былтыр корольдікте 600 мыңға жуық велосипед сатылып, сауда он пайызға өскен.
Қазір нарықта электровелосипедтен бөлек, балаларды тасымалдауға арналған Cargo bike, артқы жағы ұзартылған longtail моделіне сұраныс көп. Компаниялар да тұрғындарды табиғатты аялауға, экологиялық таза көліктерге көшуге үндеу үшін ынталандыру бағдарламаларын әрі қарай жетілдірмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы