Басты Жаңалықтар Кентаудағы көпқабатты үйлердің ауласы жаңартылады

Кентаудағы көпқабатты үйлердің ауласы жаңартылады

Мемлекет басшысының еліміздегі моноқалалардың дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Кентау қаласының инфрақұрылымын ретке келтіріп, халықтың тұрмысын  жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде шағын шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып,  тозығы жеткен ойын алаңдары жаңартылып жатыр.  Сонымен қатар қаланың барлық елдімекендері 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, көгілдір отынға қосу жұмыстары аяқталуға жақын.

Кентау қаласында көпқабатты үйлердің аулалары жылдар бойы ескіріп, назардан тыс қалған еді.  Ойын алаңшалары айтпағанда, үлкендер тізе бүгетін орындықтар да болмады дейді жергілікті халық. Тіпті ішкі жолдар ескіріп, аулада көлік қоятын да орын болмапты. Енді аулалары шетінен абаттандырылып, жаңартылып жатыр. Қазір бірнеше аулаға заманауи шағын футбол алаңдары салынып, әткеншек, сырғанақ, спорттық алаңдар мен жаттығу құрылғылары орнатылуда.
Айғаным Есболатова, Кентау тұрғыны:
Кешкі серуенге де шығамыз осы жерге, кешкі тамақты ішіп болғаннан кейін. Балалар кешкі 10-11-ге шейін кейде үйге кірмейміз, ойнаймыз деп жүреді улап-шулап. Жазда ыстық үйде қамалмай қайта сыртта алаңшада, есіктің алдында, әткеншекте ойнап, мынау сырғанақтарда ойнап, көңілденіп, дұрыс болып қалды.
Екі жылда Кентау қаласы бойынша 33 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жоспарланған. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, 8 аула жаңартылуда. Қазір жұмыстың ауқымды бөлігі аяқталған. Сонымен қатар көпқабатты үйлерге жылу беретін құбырларды ауыстыру, ауыз су жүйелерін жаңарту жұмыстары қарқын алған.
Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі:
Қалада жалпы 347 көпқабатты үй болатын болса, оның 30-ға жуық үйі қалып отыр. Қалған үйлердің барлығының құбырларын жуып шаю жұмыстарын бітірдік. Үйдің ішкі құбырлары, үйдің ішкі элеваторына дейін жылу орталығы қамтамасыз етеді. Жылу құбырларын толықтай ауыстырып жатырмыз. Енді қазіргі таңда тозу деңгейін 85 пайызға дейін төмендетеміз деп отырмыз.
Кеншілер қаласының инфрақұрылымына да ерекше көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан қаржыландыру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында жылуэнергоорталығы модернизациядан өтіп, ішкі құбырлар да жассапй ауыстырып жатыр. Бұдан бөлек қала іргесіндегі елдімекендерге көгілдір отын мен кәріз құбырлары тартылуда. 
Нұртілеу Сейдамбек, Кентау қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
Қазіргі таңда Кентау қаласында 4 елдімекен оның ішінде Кентау қаласы, оған қарасты Хантағы, Байылдыр және Шоқтас елдімекендері табиғи газбен қамтылған. Қазір құрылысы жүріп жатқан осы Құсшы ата мен Қарнақ ауылы. Одан кейін қаржыландыруына байланысты ішкі орам жүргізілетін болады.
Сонымен қатар аулаларды кешенді көріктендіру жұмыстары да жүзеге асырылып жатыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қалада тұрғындар саны артып, өндіріс орындары ашылуда.


Бөлісу