Қостанай облысында әлеуметтік тұрғын үй құрылысы қарқын алды
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Бұл қағида Ата заңның алғашқы бабында бекітілген. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әсіресе әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарды баспанамен қамту – ел дамуының маңызды бағытына айналды. Осыған орай Президент пәрменімен Қостанай облысында да тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Әсіресе аудан орталықтарында көпқабатты үйлер бой көтеріп, ауыл-аймақтағы ескі нысандар жаңартылып жатыр.
Бес баланың анасы Гүлсара Сарина баспана кезегінде 8 жыл тұрған. Көптен күткен арманына қол жеткізіп, биыл ақпан айында жаңа пәтерге қоныстанды. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған ананың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін үлкен отбасы шағын ғана пәтердің бір бұрышын паналап келсе, бүгінде кең екі бөлмелі баспананың иесі.
Гүлсара Сарина, Әулиекөл ауылының тұрғыны:
Үй әдемі, тамаша. Бәрі жаңадан, бәрі керемет. Өте керемет, қуаныштымын! Су бар, газ бар. Барлық жағдай жасалған. Тек қана коммуналды төлемін төлейміз. Жалға алу құны қымбат емес, айына 11 мың төлейміз.
3 қабатты нысанның құрылысы былтыр аяқталып, барлығы осындай 24 пәтер ел игілігіне табысталды. Әзірге бұл үйлер мемлекет меншігі саналады. Кейін 10 жылдан соң тұрғындардың иелігіне өтеді. Бүгінде аудан бойынша әлі 400-ге жуық азамат баспана кезегінде тұр. Сол үшін тағы 2 пәтерлі 6 үй салынып жатыр. Әрқайссының құны шамамен 36 млн теңге болмақ.
Бекнұр Шәймерден, Әулиекөл ауылының әкімі:
Бұл әлеуметтік осал топтардың арасында беріліп жатқан біздің аудандағы өте ауқымды құрылыс болып саналады. Былтыр осы жұмысты атқарып, әлеуметтік осал топтарға бөлінген болатын. Әулиекөл ауылы толыққанды орталықтандырылған сумен, газбен қамтылған. Асфальтты жолдар қазіргі таңда 65% құрайды.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Бұл кезінде бұрынғы ауыл шаруашылық колледжінің оқу корпусы болған ғимарат. 30 жылға жуық қаңырап бос тұрды. Енді биыл бастан аяқ жөнделіп, баспанаға мұқтаж жандардың пайдасына берілмек. Мысалы, ғимараттың мына бөлігі бір бөлмелі пәтерге айналады. Жалпы аумағы шамамен 40 шаршы метр болмақ.
Жылдар бойы иесіз, күйсіз тозып тұрған төрт қабатты ғимаратта қазір жұмыс қызу.Биыл жыл соңына дейін құрылыс аяқталуы тиіс. Талай жыл тым-тырыс жатқан ауылдың бір шеті еді. Енді бұл жерде де тіршілік қайнайды. Су жаңа 31 пәтердің кілті баспанасын күткен отбасыларға беріледі. Ол үшін 520 млн теңге қаражат жұмсалды. Жалпы бұл жұмыс өңірде Қостанай, Рудный, Арқалық қалалары мен барлығы 15 ауданда қатар жүріп жатыр. Осылайша, биыл тағы 1218 отбасы баспаналы болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы