Мұнайшылық атакәсібіне айналған әулеттер көбейіп келеді
Мұнайшылық осы шаруаның төңірегінде жүрген көптеген жандар үшін мамандық, ал кей шаңырақ үшін бабадан балаға жалғасқан атакәсіп. Тұтас бір әулеттің еңбек жолын мұнай әлеуетімен байланыстырғандардың арасында 100 жыл бойы осы салада табан аудармай жұмыс істеп келе жатқандар мен мұнайшылық тарихы бес буынға жалғасқан ордалы отбасылар да бар. Тілшіміз Нұрсұлтан Нұрсейіт сондай еңбек адамдарымен тілдесіп қайтты.
Бешімовтар отбасының мұнайшылық кәсібі 1926 жылдан бастау алады. Әулет үлкені Бешім Қызылбасов сол жылы қазақ жерінен қара алтын тапқан алғашқы мұнайшылардың бірі. Бүгінде көнекөз қариялардан осы салада 40 жыл еңбек еткен Қалыш Мейірманова бар. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. От анасы үшін еңбек жолының ең үлкен жетістігі – өзінің кәсібін балаларына да сүйдіре білуі.
Қалыш Мейірманова, ардагер мұнайшы:
Әртістің баласы әртіс болады, қойшының баласы қойшы болады. Біздің балаларымыздың бәрі мұнайшы. Көргендері сол болғасын соған талпынды. Немерелерім де сол.
Ал Қошмағанбетовтар отбасында мұнайшылықтың тамыры одан да терең. Бес буын. Бес кезең. Бірақ бір кәсіп. Әулеттің үлкендерінен басталған мұнайшылық дәстүр бүгінге дейін үзілмей келеді.
Серік Қошмағанбетов, ардагер мұнайшы:
Мұнайлы жерде өстік. Көргеніміз — мұнай сорғылары, бұрғылау қондырғылары, тракторлар сүйреп бара жатқан ауыр техникалар. Аталарымыз, ағаларымыз жұмыс істеп жатыр. Солардың әңгімелерін тыңдадық, сол ықпал етті. Мынау жақсы жұмыс екен деп, техникумға түстім. Артынан Алматыдан политехникалық институтті бітірдім.
Әкенің әңгімесін тыңдаған баланың да өз айтары бар. Бір кәсіптің бес буынға жалғасуы – жай ғана статистика емес. Бұл – әулеттің кәсіпке деген сенімі мен салаға деген адалдығының көрінісі.
Қуаныш Серікұлы, мұнайшы:
Мұнайшы болған Қошмағанбет атамыз дәнекерлеуші боп жұмыс істеді. Сол атамыздың жолы маған дарып, мехника саласында жұмыс істеп жатырмын. Өндірісте қондырғылардың бәрі темірден жасалғасын, станоктар бар, темірді түсініп-білу керек.
Бірі – 100 жылдық еңбектің үлгісі. Екіншісі – бес буынға жалғасқан дәстүр. Екеуінің де өмірін біріктіретін бір сөз бар. Адал еңбек. Атыраудың мұнай өндірісінің тарихы осындай еңбек адамдарының өмірімен өріліп жатыр. Бүгінгі ұрпақ сол дәстүрді жалғастырса, ертеңгі мұнай саласының тарихы да жалғаса бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы