Жаңа Конституция: Жастарға жүктелген жауапкершілік
Елдің ертеңі білімді әрі жауапты ұрпақтың қолында. Бүгін Алматыдағы «Тұран» университетінде студенттер Қазақстанның жаңа Конституциясын талқылады. Сарапшылар жастарға Негізгі Заңдағы өзгерістерді түсіндіріп, олардың күнделікті өмірі мен болашағына әсер ететін маңызды нормаларға тоқталды. Кездесуде білім, ғылым, еңбек, азаматтық белсенділік және жаңа технологиялар дәуіріндегі құқық мәселелері де сөз болды.
Бүгінгі кездесудің басты аудиториясы - елдің ертеңін қалыптастыратын жастар. Студенттер жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарымен танысып, заңдағы өзгерістердің қоғам өміріне ықпалын талқылады.
Элеонора Сазанбай, 1-курс студенті:
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы бойынша студент ретінде де, маман ретінде де, жалпы, азаматша ретінде өз құқығымызды қалай қорғауға болатынын білдік, жалпы өзгерістерді білдік.
Жекен Дүйсенбай, «Тұран» университеті жоғары құқық мектебінің директоры:
Осы аяда біздің құқық мектебінде жаңадан пәндер енгізілген болатын. Цифрлық құқық сияқты, Жасанды интелектіні құқықтық реттеу, ЖИ, ChatGPT – барлығы цифрлық кеңістікте қалай реттеледі, оқу бағдарламасына енгізілген болатын.
Жаңа Конституцияның кіріспесінде алғаш рет білім, ғылым мен инновацияларға айрықша мән берілген. Яғни, цифрлық дәуірде білімді болу аздық етеді. Өз құқығын білетін, технологияны меңгерген және қабылдаған шешіміне жауап бере алатын азаматтарды тәрбиелеу қажет, дейді ұстаздар қауымы.
Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры:
Болашақта бәсекеге қабілетті қоғам құру үшін білімді, білікті жастар керек. Қазір жаңа технология көп, жасанды интеллект дейміз. Көптеген мәселе бар. Соның бәрін игеру үшін жауапкершілік керек. Жаңа Конституция жаңа мүмкіндік береді бір жағынан. Екінші жағынан, әрқайсымызға талап қойып отыр. Сендер болашақтың иесісіңдер, бүгіннен бастап жауап беруіміз керек.
Жастардың сапалы білім алуы - мемлекеттің болашағына салынған инвестиция. Осы бағытта «Тұран» университеті биыл да талапкерлерге қолдау көрсетіп отыр. Жоғары ұпай жинап, алайда мемлекеттік грантқа іліге алмаған 325 түлекке университет тарапы ішкі грант бөлді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы