Қарағандылық оқушы Солтүстік полюске саяхаттады
Қарағандылық оқушы әлемдегі ең ірі атомдық мұзжарғыш кемемен Арктикаға саяхаттады. Анна Рагозина әлемнің 21 елінен жиналған 5 мыңнан астам үміткердің арасынан суырылып шығып, Солтүстік полюске жолдама алған. Атом физикасы бойынша білімін дәлелдеген жас зерттеуші алып мұздықтар мен ақ аюлар мекенін өз көзімен көріп қайтты.
Солтүстік полюс – меридиан сызықтарының тоғысқан жері, географиялық ендіктің 90 градус нүктесі. Мұнда жылына небәрі мыңға жуық турист келеді. Себебі саяхаттың бұл түрі қымбат әрі қауіпті. Ал қарағандылық Анна Рагозина білімінің арқасында бұл сапарға қол жеткізді. 11-сынып оқушысы сайыстың 3 кезеңінен мүдірмей өтіп, ғылыми-танымдық «Білім мұзжарғышы» экспедициясының мүшесі атанған.
Анна Рагозина, оқушы:
Алғашқы кезеңде атомдық физика бойынша сұрақтарға жауап бердік. Кейін Қазақстанда салынғалы жатқан атом электр станциясы жайлы шағын жобамды қорғадым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қалыңдығы 4 метрге жететін алып мұздықтарды өз көзіммен көріп, қатты таңғалдым. Ал сол мұзды аймақта еркін мекендейтін ақ аюлар ерекше әсер сыйлады. Бұл көрініс есімде мәңгі сақталады.
Жетінші мәрте өткізіліп жатқан ғылыми экспедицияға әлемнің 21 елінен 5 мыңнан аса үміткер бақ сынаған. Еліміздің өзінен мыңға жуық өтінім түскен. Алайда әр елден тек бір ғана қатысушы жолдама алды. Сапардың басты мақсаты – атом өнеркәсібін кеңінен насихаттап, дарынды балаларды қолдауға, олардың қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Бақыт Қайырова, №81 мектеп директорының орынбасары:
Анна өте белсенді, дарынды балаларымыздың бірі. Тек қана ғылыми жобалар ғана емес, мектептегі барлық іс-шаралардың қатысушысы. Аннаға сенім артамыз, мектебімізді биіктен көрсетеді деген үміттеміз.
Анна Рагозина алдағы уақытта осы бағытта білімін шыңдап, еліміздегі ядролық технология саласын дамытуға үлес қосқысы келеді. Арктиканы аралап, ақ аюлар мекеніне саяхаттаған жерлесіміздің ендігі мақсаты – Антарктида, Оңтүстік полюс нүктесі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы