Брюссельде «Желден де жүйрік тазы» атты көрме өтті
Қазақ тазысы Еуропа төрінде. Бүгінгі мерекеге орай, еліміздің Бельгиядағы елшілігі «Номад» ұлттық аңшылық клубымен бірігіп Брюссельде «Желден де жүйрік тазы» атты фотокөрме ұйымдастырды. Көрмені Бельгияда өткізудің ерекше мәні бар. Себебі, Халықаралық кинология федерациясының штаб-пәтері осы елдің Тюен қаласында орналасқан. Федерация басшылығы, Еуропарламент депутаттары мен шетелдік меймандар Елшіліктегі көрмені тамашалап, асыл тұқымды қазынамыз жайлы мол мағлұмат алды.
Тазы-қазақтың бірегей мәдени және тарихи мұрасы. Жеті қазынаның бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев асыл тұқымды көбейтіп, халықаралық деңгейде насихаттауға ерекше мән береді. Мемлекет басшысының Франция Президенті Эмманюэль Макронға екі қазақы тазының күшігін сыйға тартқандағы мақсаты да сол еді. Естелік суретті көрмеден көргендер таңданысын жасырмады.
Франк Депайф, Тәуелсіз кинорежиссерлар федерациясының бас хатшысы:
Мен итті жақсы көрем. Бір кездері жоғалып кете жаздап, кейін санын қайта көбейткен асыл тұқымды жануарды көруге қатты қызықтым. Тазы-Қазақстанның туристік әлеуетінің бірі. Сондықтан, оны белсенді түрде насихаттау қажет.
Тазы сымбатты дене бітімі, қырағы көзі мен шапшаңдығы, ептілігі, тектілігімен өзге иттен ерек. Осы ерекшелікті ескерген Халықаралық кинология Федерациясы екі жыл бұрын қазақ тазысын бөлек тұқым ретінде шартты түрде тіркеп, Қазақстанды оның шыққан елі ретінде растады.
Ив Де Клерк, Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры:
Тазы мықты денсаулығымен, төзімділігімен ерекшеленетін таңғажайып тұқым. Ол әлі күнге дейін жұмыс жағдайында қолданылады және сыртқы келбеті тартымды. Қайратты, дене бітімі келіскен, темпераменті теңдестірілген ит. Бұл сипаттамалар жаңа тұқымды танудың басты талаптарының бірі болды. Сондықтан, тазының әлеуеті жоғары деп есептеймін.
Тазы халықаралық деңгейде толық мойындалуы үшін оның санын көбейтіп, дамытып, жаһанға кеңінен насихаттау шарт. Абзал Досыман осы аманатты арқалап жүр. Жиырмадан астам тазы баптаушы асыл тұқымның әсемдігін таспаға түсіріп, көпшілікке ұсынды.
Абзал Досыман, Nomad ұлттық аңшылық клубының мүшесі:
Сапасын жақсарту үшін қан араласпауы керек және тазы ұстайтын азаматтардың жан-жануарға, өздерінің тазыларына деген жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Мемлекет басшысы берген тапсырмасы аясында егерде осы жұмыс осы қарқыннан тоқтамайтын болса болашағы зор болады.
Халықаралық кинология федерациясы асыл тұқымды сақтау және халықаралық деңгейде насихаттау бойынша Қазақстанмен ынтымақты арттыруға ниетті. Қазақстан елшісі мен отандық делегация ұйымының Тюендегі бас кеңесіне барып, мұражайына тазы жайлы кітап пен суреттерді табыстады. Жалпы, бүгінде еуропалықтар оннан астам таза қанды тазыны күтіп, баптап отыр. Қарт құрлықта сұлу да жүйрік қазақ құмайын сатып алғысы келетіндердің қарасы әлі де қалың. Асыл тұқымды қазынамызды әлемдік брендке айналдыратын күн де алыс емес, дейді мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы