Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында ресми тіркелген 600-дей тазы бар

Жамбыл облысында ресми тіркелген 600-дей тазы бар

Жамбыл облысында 80-ге келсе де саятшылықты жанына серік еткен ақсақал тұрады. Өрнек ауылында тұратын Бауыржан Ешметов бала күнінен бүркіт баптап, тазы жүгіртіп жүр. Қарт аңшы бүгін елімізде «Қазақы тазы күні» деп алғаш рет аталып жатқан мереке – ит төресіне жасалған жақсылық дейді. Асыл тұқым асырап, аң қағып жүрген қариямен Данияр Әлімқұл дала төсінде тілдесіп қайтты.

Өрнек ауылының өкпе тұсындағы жыңғыл қаптап, жиде өскен даласында жүретін Бауыржан Ешметовты маңайдағы жұрт жақсы біледі. Ол тарпаңын мініп, тазысын шұбыртып, соңындағы тұяғын ертіп алдағы аңшылық маусымына дайындалады. Иә қапталында құлағы делдеңдеп, қабысқан қарны, сүйір тұмсығымен сүйкімді тазылары жүреді. Ақсақал аң қағар алды сыптығыр тазыларды сәйгүліктей суыту керек дейді.

Жалпы қазақ тазысының тұрқы биік, тұрпаты бөлек, тұқымы ерек келеді. Бітімі білеу етті болмаса да, бойына біткен жүйріктігімен дара. Кеудесі кең, жауырыны жалпақ, жоны дөңес. Сымға тартқандай сүмпіс жаратылыс. Қимылы шапшаң, қозғалысы ширақ болғандықтан жүргенде желе жортып, жүгіргенде жебедей атылады.  

Данияр Әлімқұл, тілші:
Даламыздың дегдар иті жігітке жолдас, саятта серік боп аңшылықта абырой әкелген. Сондықтан тазы ертеден есік аузында емес, төрде жататын төре иттің тұқымы саналады. Міне, қазақтың төл қазынасы шартарапқа шапшаңдығымен, таза, текті бекзадалығымен белгілі.

Тазы сынын тасқа жазған қазақтың енді бүгіннен бастап ұлттық құндылықты ұлықтайтын мерекесі де бар. Ақсақал аңшылық ғұмырында алғаш рет тазыларымызды ардақтайтын күнге де жеттік деп шын қуанды.

Бауыржан Ешметов, аңшы:

Бұлар қазақы тазылар таза болады, иісі анау мынау болмайды, ұрлыққа құмар болмайды. Үйде жатады. Мына ашарлық кезінде бір ауылды асыраған екен. Тазылар күнін атап өтіп жатыр екен. Бұл деген өте керемет нәрсе. Бұл бұрынсоңды болған жоқ еді. Бұл енді тазы қазаққа бітукен қасиет қой. Енді Құдай қанша өмір береді, сонша жүгіртеміз. Әлі үміт бар жүгіртуге.

Қарияның қанына сіңген қасиет балаларына да берілді.  Ал немерелеріне құс салып, тазы жүгіртуді 20 жылдан бері үйретіп келеді. 

Шернияз Бауыржан, аңшы:

5 жасымнан бастап осы төл өнерді атамыздан үйрендік. Қанға сіңген өнер болғаннан кейін осы өнерге жақынбыз. Біз секілді төл өнерімзді жалғастырмаса, бұл өнер өшіп қалмақ. Сондықтан ат үстінде әрдайым табылуға әзірмін.

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында ресми тіркелген 600-ге жуық тазы бар. Жеті қазынға жататын желаяқ әсіресе Мойынқұм, Сарысу және Жамбыл ауданында көп кездеседі.


Бөлісу