«38. Соңғы нүкте» фильмі көрерменге жол тартты
Бүгіннен бастап «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі үлкен экрандарға жол тартады. Прокатқа шықпас бұрын туынды Астана мен Алматы көрермендеріне таныстырылды.
Картина адам тағдыры мен табиғат апаты тоғысқан оқиғаны баяндайды. Нақтырақ
айтсақ, драма һәм катастрофа жанрында түсірілген туындыға осыдан үш жыл бұрын
Семей орманында болған өрт арқау болған. Сондықтан фильм қызметтік борышын
орындау кезінде қаза тапқан жандардың рухына тағзым етіп, олардың көзсіз ерлігі
мен адам өмірін қорғаудағы жанқиярлығын дәріптейді.
Құрманбек Жұмағали, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы:
Өртке қарсы тұру, жұмыс істеп келе жатқан азаматтарымызға тарту ретінде... Өздеріңіз білесіздер, қаншама батырларымыз осы өртке қарсы күресемін деп қайтыс болып жатыр. Осы азаматтарға, осы орманшыларға, төтенше жағдайлар қызметкерлеріне тағзым ретінде бір жыл бұрын қаражатын беріп, жұмысты бастаған болатынбыз. Бүгін міне, осы туындының қонағы болып отырсыздар.
«38. Соңғы нүкте». Туынды неге бұлай аталды, мағынасы не деген сұраққа әр көрермен фильмді тамашалау барысында жауап алады. Бір жарым сағаттық картина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фильм көрерменнің көңілінен шығад деген де үміт бар. Өйткені былтыр ғана мемлекет қолдауымен 190 млн теңгеге түсірілген «Қайтадан» фильмі прокаттан 1,5 млрд теңге жинаған еді.
Нұржігіт Хайдар, фильмнің продюсері және сценарий авторы:
Бұл елімізде табиғат жайлы, орман, өрт сөндірушілер туралы түсірілген тұңғыш фильм деп айта алам. Сонысымен ерекше. Сценарий жазуға 3 айдан астам уақыт кетті. Басымдықты біз ең алдымен орман шаруашылығында қызмет ететін мамандардың ел біле бермейтін жұмыстарын көрсеткіміз келді. Әрі фильмге қызықты мағлұмат ретіндегі сахналарды қосып отырдық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы