Басты Жаңалықтар Жаңарған техника – жаңа мүмкіндік

Жаңарған техника – жаңа мүмкіндік

Жаңарған техника – жаңа мүмкіндік! Ақтөбе облысының шаруалары соңғы жылдары Мемлекеттік қолдаулардың арқасында техникаларын жаңартып, егістік алқаптарын ұлғайта бастады. Тек биылдың өзінде өңір шаруалары 11 миллиард теңгеге 672 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Нәтижесінде жұмыс өнімділігі артты. Қазір күзгі жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Біз тұрған шаруашылық 4 мың гектардан астам алқапқа дән сепкен еді. Егінге орақ түскеніне екі аптадан асты. Түсім жаман емес, гектарына 20 центнерден өнім алып жатыр.

Бұл - егін алқабының тек Желтау ауылындағы бөлігі ғана. Жалпы, серіктестік үш ауданда 70 мың гектар жерге бидай еккен. Қазір мамандар қолайлы ауа райын пайдаланып, жұмысты өндіріп жатыр. Бір комбайыншы күніне 50-60 гектар аумақты орып үлгереді. Жаңа техникалар келгелі мамандардың жұмысы едәуір жеңілдеген

Владимир Черненко, комбайыншы:

Таңғы жетіден бастап қас қарайғанша жұмыс істейміз. Техникамыз жаңа, жайлы. Ауа баптағышы бар, күннің ыстығына да қарамаймыз. Бүгін осы алқапты бітіруіміз керек. Одан кейін көрші ауданға көмекке барамыз.

Серіктестікте ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті. Соңғы жылдары жаңа комбайндар мен өзге де құрал-жабдықтар сатып алды. Дизель отыны да  арзандатылған бағамен беріледі. Шаруашылықтың өз астық сақтау қоймасы бар. Сапалы бидайды көрші мемлекеттерге тікелей экспортқа шығаруға мүмкіндік бар.

Қазыбек Өтесінов, серіктестік басшысы:

Алты егін оратын комбайндарымыз бар және 5 егін егетін комплекстеріміз бар. Бәрі де жаңадан алынған, жақын арада. Мамандарымыз жеткілікті, 52 адам жұмыс істейді, осы ауылдың тұрғындары. Жұмысшы мәселесі жоқ бізде.

Қарғалы ауданында дәнді-дақыл өсірумен айналысатын 130 шаруашылық бар. Биыл олар 108 мың гектарға дәнді дақыл екті. Серіктестіктер соңғы жылдары техникаларын жаңартып, егістік көлемін ұлғайта бастады.

Тимур Абдуллин, аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

2 млрд 4 млн теңгеге 37 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Ауданда жалпы сыйымдылығы 31 мың тонналық лицензиялық астық қабылдау орны және қосымша 25 астық қоймасы бар.

Биыл өңірде 435 мың гектардан алқапқа дән себілсе, оның 130 мың гектары орылып болды. Егін жинау жұмыстарына мың жарым трактор, 600-ге жуық  комбайн және 500 жүк көлігі жұмылдырылды.


Бөлісу