Қарағанды облысында 70 модульді ветеринарлық пункт ашылады
Қарағанды облысында биыл 70 модульді ветеринарлық пункт салынбақ. Қазір 20 бекеттің құрылысы аяқталуға жақын. Қалған елуі жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Бұл ауылдағы малды түрлі індеттерден қорғауға және ветеринарлық шараларды уақытылы жүргізуге мүмкіндік бермек. Толығырақ Жандос Бақытұлы тарқатсын.
Бұқар жырау ауданы Петровка ауылдық округіне қарасты үш бөлімше бар. Мұндағы төрт түліктің жалпы саны 7 мыңға жуықтайды. Малды егу, түрлі ауруларға қарсы тексеру жұмыстары бұған дейін әр үйді аралап жүргізілетін. Енді ол жұмыстар жаңа заманауи ветеринарлық пункте іске аспақ. Ауылдағы ірілі-ұсақты 202 жеке шаруашылыққа енді осы жерден тұрақты түрде қызмет көрсетіледі.
Тілеуберді Мылтықбай, ауыл тұрғыны:
Жаңа ғимараттың болғаны жақсы ғой, неге десеңіз, тұрымтай тұсында жергілікті жерде осындай ғимараттар болғаны жақсы. Малды қаратуға өте ыңғайлы, жақсы болды. Малымызға енді бірдеңе болатын болса, осыған келе қаламыз ғой.
Алдағы уақытта өңірде дәл осындай 20 нысан іске қосылады. Ал жыл соңына дейін тағы 50 модульдік ветеринарлық пункт салынады. Қазір 46 ауылда тиісті жұмыстар басталды. Заманауи бекеттер малды бақылауда ұстап, түрлі ауруға қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізу үшін салынып жатыр, дейді мамандар.
Қайырбек Тұрсынбеков, Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
2026 жылдан 2030 жылдар аралығында Үкіметтің кешенді мал шаруашылығын дамыту жоспарланған. Сол кешенді жоспар аясында ветеринария саласын модернизациялау қолға алынды. Биылғы жылға 2 миллиард теңге бөлініп, осы ветеринариялық пунктерменен облысымыздың 70 елді мекенін жарақтандыру қолға алынды.
Ауыл-аймақта жаңа нысандар ашыла бастағаннан кейін салаға жас мамандарды тарту шаралары жүргізіліп жатыр. Бұрыннан еңбек етіп жүргендердің 20 пайызы егде жастағылар. Сондықтан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жаңа кадрлар жұмысқа алынған.
Диана Өксікбаева, ветеринар:
Көмек ретінде көтерме дейді, соны алдым. Одан қоса үй қарастырылған. Ауылда жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Жалпы, ауылда тұрып, дамымай қаламын деген адамдар өте қатты қателеседі. Келгелі бері мен көп тәжірибе жинақтап жатырмын.
Жалпы, алдағы екі жылда өңірде ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында 173 нысан салынады. Бұл сала мамандарының еңбек жағдайын жақсартып, ауылдық жерлердің өзінде сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы