Басты Жаңалықтар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1100-ден аса жоба қаржыландырылады

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1100-ден аса жоба қаржыландырылады

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы тұрғындардың  кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, жергілікті өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп келеді.  Осы жылы  бағдарлама аясында 1100-ден аса жоба қаржыландырылып, 15,3 млрд теңгеден аса жеңілдетілген несие беріледі. Қаражат негізінен шағын кәсіп ашып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталуда. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Кентау қаласының Қарнақ ауылында кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 30 млн теңге қаражат алып, шағын цех ашты. Медицина қызметкерлерінің 25 түрлі киімін тігетін цехтың өнімдеріне деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Қазір мұнда  елуге тарта ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.  Басым көпшілігі қыз-келіншектер.

Севара Камолова, аға тігінші:

Бізде қазір тігіншілеріміздің саны 35. Тағы үтікте, қаптама жасауда 5 жұмысшымыз бар. Бір айда 3 мың киім, 3,5 мыңға дейін шығарамыз.

Ал жетісайлық тұрғын Ермахан Бақытұлы құрылыс материалдарын шығарумен айналысады. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 10 млн теңге алып, арнайы құрал-жабдықтар сатып алған. Қазір шағын цехында үйді әрлеу мен жылытуға арналған материалдардың сан алуан түрін шығарады. Кәсіпкер төмен пайызбен берілген несие бизнесін ұлғайтуға өте тиімді болғанын айтады.

Ермахан Бақытұлы, кәсіпкер:

Осы жерге қалыптар алдық. Құрал-жабдықтар алдық. Тағы да қосымша заттары бар, пегмент деген заттар бар. Түрлерін көбейттік. Цехтың көлемін де ұлғайттық. Мысалы, алдындары тек 200 ғана квадрат шығаратын болсақ, қазір 300-400 шаршы метрге шейін ойланбай бір күнде шығара аламыз.

Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін мал бағып,  құс шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары да көріп отыр. Балық өсіремін деушілерге де қаражат берілуде. Яғни «Ауыл аманаты» бағдарламасы - ауылдағы кәсіпкерлікті жандандырып, өндірісті кеңейтуге, ауыл экономикасының тұрақты дамуына нақты мүмкіндіктер беріп отыр. Биыл қомақты қаражаттар 75 ауылдық округтің тұрғындарына бөлінеді.

Қалтөре Қарабаев, Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Ауылдық жерлерде 1400-дей жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар қаржыландыру 7 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасы лизингі енгізілген. Бүгінгі таңда бірінші транш бойынша 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, игерлуде.

Өңірде соңғы үш жылда ауыл тұрғындарына өз ісін дамытуға республикалық бюджеттен 30 млрд 200 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат 4200-ден аса жобаны қаржыландырып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларды қолдауға бағытталды. Сондай-ақ негізгі басымдық мал шаруашылығын дамытуға беріліп отыр. 


Бөлісу