Басты Жаңалықтар Тоғыз жолдың торабындағы Шу вокзалы жөнделіп жатыр

Тоғыз жолдың торабындағы Шу вокзалы жөнделіп жатыр

Еліміздегі ең ірі теміржол торабында тұрған Шу вокзалында құрылыс жұмысы 90% аяқталды. Салынғалы күрделі жөндеу көрмеген нысан Президент тапсырмасымен былтырдан бастап жөнделе бастады. 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген вокзал құрылысын Данияр Әлімқұл көріп келді.

Бұл маңда пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады. Өйткені кезінде Алаш арысы Тұрар Рысқұлов «Түрксіб» теміржол магистралінің тиімді бағыты деп Шуды таңдады. Сөйтіп үлкен торап Бішкекке емес, Шу станциясына салынды. Ал 89-шы жылы бой көтерген вокзалға тәулігіне 2 мыңнан аса адам аялдайды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Енді тоғыз жолдың торабындағы Шу вокзалына шырай бітеді. 40 жылға жуық тарихы бар нысанда қазір құрылыс жұмысы қарқынды. Мәселен, мына 7 мың шаршы метрден асатын аумақтағы жалпы жұмысқа 150 адам жұмылған.

Шудағы 18 жолақты торап дархан даланың төсін тіліп өтетін пойыздарды қабылдайды. Тәулігіне 35 жолаушы және 100 жүк көлігі жөңкіледі. Маңызды магистраль Мәскеуге жеткізіп, Ташкентке де тасымалдайды. Қыр асып, қырғызға да барады. Сондықтан вокзал  халықаралық стандартарға сай салынып жатыр.

Ринат Ибрагимов, құрылыс басшысы:

Бізде қазір жылжымалы тепешек бар, жаңа жобаға арналған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифті бар. Сосын балалар онайтын алаңы, ковркинг зонасы бар. Келген адамдар отырып, жұмыстарын компьютермен жұмыс істегенге ыңғайлы. Полиция бөлімшесі, медициналық кабинеттер бар.

Ал 525 млн теңгеге вокзалдың айналасы абаттандырылып жатыр. Әкімдік тендерін ұтқан компания 60 адамымен перронды жаңалап жатыр.

Бақытжан Сағатбек, Шу ауданы әкімдігі ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

Осы күнге дейін жабайы саудамен елдер сауда жасаған болса, абаттандыру жұмысынан кейін мына вокзал алдынан 4 жаңа дүңгіршек орын алады. Одан бөлек «шатыр астында» деп айтамыз, жаңа дүңгіршектер бар.

Жалпы, Жамбылда Тараз, Түрксіб, Шу, Отар және Боранды станциясын жөндеуге 14 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Ал бүгін сол Луговой ауылындағы Түрксіб вокзалы ел игіліне берілді. Енді Шу вокзалының қазанда бітуі тиіс құрылысы қыркүйек айында аяқталмақ.


Бөлісу