Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасы іске қосылды

Қыркүйек айында Қазақстанда бірқатар жаңа қаулы күшіне енеді. Мәселен, бүгіннен бастап педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасы іске қосылды. Ережеге сәйкес, мұғалімдер кемінде бес жылда бір рет аттестациядан өтуі тиіс. Пилоттық жобаға білімін бағалау тестінен балл жинай алмағандар мен мүлдем тапсырмағандар қатысады. Еңбек жолын енді бастаған педагогтерге жаңа ереженің қатысы жоқ.
Оқушыларды бағалау тәсілі өзгереді
Ведомствоның айтуынша, бұған дейінгі БЖБ және ТЖБ бағалаулары баланың білім деңгейін дәл көрсетпеген. Енді оқушылардың білімі диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары арқылы тексеріледі. Сонымен қатар музыка, көркем еңбек, дене шынықтыру және цифрлық сауаттылық пәндері бойынша да биылдан бастап баға қойылады. Бірақ бұл пәндерден бақылау жұмысы болмайды.
Шетелдегі отандастарымыздың паспортын рәсімдеу тәртібі өзгереді
1 қыркүйектен яғни бүгіннен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына паспорт рәсімдеу тәртібі өзгереді. Құжат шетелде білім алып, жұмыс істеп жүрген азаматтарға, олардың кәмелетке толмаған балаларына, сонымен қатар шетелде ұсталып, жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтарына беріледі. Шетелдегі мекемелерде халықты тіркеу жүйесі қолжетімді болса, құжатты рәсімдеу мерзімі 40 жұмыс күні ішінде жүзеге асады. Ал ол жүйе болмаса, паспорт алу 90 күнге созылады.
15 қыркүйекке дейін декларация тапсыру міндетті
15 қыркүйекке дейін мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, нотариус, адвокаттар мен жеке сот орындаушылары, шетелдік банкте депозиттік сыйақысы барлар және мүлікті жалға беріп, табыс табатындар декларация тапсыруы тиіс. Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін де 270-ші нысанды өткізу мерзімі өзгермейді. Декларацияны уақытында тапсырмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік яғни айыппұл қарастырылған. Сұрақтар болса, кеңес алу үшін 1414 байланыс орталығына жүгінген жөн.


Бөлісу