Метрода жолаушылар саны екі есеге артқан
Алматыда оқу жылының басталуымен қала көшелеріндегі көлік қозғалысы күрделене түсті. Қоғамдық көліктерде де жолаушылар қарасы қалың. Әсіресе метродағы адам саны әдеттегіден екі есеге артқан. Метро өкілдерінің айтуынша, көптеген тұрғын уақыт жоғалтпас үшін жерасты көлігін таңдаған. Ал полиция қызметкерлері негізгі магистральдардағы қозғалысты реттеуге кірісті.
Жерастындағы қарбалас та таңертеңнен-ақ
сезілді. Күздің алғашқы күнінде метро вагондары лық толып, жолаушылардың бірі жұмысқа,
енді бірі мектепке асықты. Қоғамдық көліктің өзге түрлерінде де жағдай осыған ұқсас.
Әсіресе таңғы уақытта аялдамаларда адам көбейіп, автобустардағы жүктеме артқан.
Нұрбол Көбеков, «Метрополитен» КМК «Жібек жолы» бекетінің басшысы:
Таңғы сағат 6:20-дан 16:00-ге дейін 50 мыңға жуық жолаушы метро қызметін пайдаланып отыр. Қосымша пойыздар шығарылды. Уақыт санын қысқарту мақсатында. Қазіргі таңда ыңғайлы болуы үшін пойыздар арасындағы уақыт 3 минут 27 секундқа дейін қысқартылып жатыр.
Оқу жылының басталуымен мегаполисте көлік ағыны артып, бірқатар бағытта кептеліс көбейді. Оның үстіне, бірнеше көшеде қатар жүріп жатқан жөндеу жұмыстары да жүргізушілердің жүріп-тұруына әсер еткен. Қала тұрғындары да бүгінгі жағдайды бірден байқағанын айтады.
Қаладағы қарбаласқа байланысты полиция қызметкерлері де күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Тәртіп сақшылары көлік ағыны көп ірі даңғылдар мен жол қиылыстарында қозғалысты реттеп, жағдайды бақылауға алған.
Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:
Таңғы және кешкі уақытта батыс және шығыс бағыттарда міндетті түрде қолмен реттеу жүзеге асырылады. Басты магистральдарда Райымбек, Рысқұлов, Төле би, Абай және әл-Фараби даңғылы сияқты учаскелерде.
Әкімдік бұған дейін кейбір мекемелер мен ірі компанияларға қызметкерлерінің бір бөлігін уақытша қашықтан жұмыс істеу кестесіне көшіруді ұсынған. Бұл таңғы және кешкі қарбаласта қала көшелеріндегі көлік санын азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы