Басты Жаңалықтар Ел бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғыртып жатыр

Ел бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғыртып жатыр

Қазақстанда 124 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, мақсат – ғимараттардың сыртқы келбетін өзгерту ғана емес, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру. Вокзалдарда қауіпсіздік, қолжетімділік пен жайлылыққа басымдық берілмек. Жоба аясында күту залдары мен қызмет көрсету орындары жаңартылып, ақпараттық навигация жүйелері жетілдіріледі. Сонымен қатар қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру көзделген. Бағдарламаның алғашқы кезеңіне 117 вокзал, 6 жолаушылар платформасы және 1 аялдама павильоны кірген. Олардың арасында ғасырдан асқан тарихи нысандар да бар.

Балнұр Тұрғанбекова, Көлік министрлігі жолаушылар тасымалы басқармасының сарапшысы:
Бүгінгі таңда 66 вокзал, 5 жолаушылар платформасы және 1 аялдама павильоны жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Бірінші кезеңде нысандарды іріктеу кезінде олардың техникалық жағдайы, жолаушылар ағыны, әлеуметтік маңызы және тарихи құндылығы ескерілді. Олардың қатарында 100 жылдан астам тарихы бар вокзалдар да бар.

Сонымен қатар 1 қазаннан бастап Алматы – Ташкент бағытына қатынайтын пойыз құрамына әйелдер вагоны қосылады. Бұл қызмет бұған дейін ішкі бағыттарда сұранысқа ие болып, 13 вагон қатынаған. Вагондағы билеттер әйелдерге ғана сатылады. Қызмет көрсететін жолсеріктер де нәзік жандылар болады. Жеті жасқа дейінгі ұл балаларды ересек әйел жолаушымен бірге алып жүруге рұқсат етіледі.

Сара Сахынбек, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатышысының м.а.:

Әйелдерге арналған вагондар саны енді 14 бағытта қатынайтын болады. 13 бағыт осы Қазақстан аумағында қатынайтын бағыттар. Ал Алматы – Ташкент бағыты алғаш рет осы халықаралық бағытта қосылған қызмет.


Бөлісу