«Келешек мектептері» үш ауысымды оқуды қысқартты
Қала мен ауыл баласының білім алу мүмкіндігі бірдей болуы керек. Бүгін Алматы облысында заманауи үлгіде бой көтерген 5 «Келешек» мектебі пайдалануға берілді. Заманға сай оқу кабинеттері мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған білім ошақтарында шәкірттерге сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған.
Алғаш рет қоңырауы соғылып, есігін дәл Білім күні айқара ашқан жаңа мектепті Нұрғиса Тілендиев ауылының тұрғындары асыға күтті. Өйткені, бұған дейін мұндағы оқушылар №26 мектепте үш ауысымда оқып келген. Енді 1 мың 200-ден астам балаға арналған жаңа нысан мәселені шешуге мүмкіндік берді. Мұнда 90 педагог еңбек етеді. Ал заманауи кабинеттер мен зертханалар оқушылардың білімін шыңдауға жол ашпақ.
Рахметолла Қорғасбек, ауыл тұрғыны:
Осы жерде 4 немерем оқиды. Төртінші немеремді бірінші сыныпқа әкеліп отырмын. Мектеп өте керемет жақсы салынған барлық жағдай жасалған.
Кәусар Бекжанқызы, 11-сынып оқушысы:
Мектептің ішін мен толықтай көріп шықтым барлығы қатты ұнады. Көптеген нанотехнологиялар бар. Солар маған өте қатты қызық болды. Солармен жұмыс істейміз деген ойдамын.
Бұл – өңірдегі үш ауысымды оқытуды қысқартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Соңғы төрт жылда облыста 75 жаңа мектеп ашылып, үш ауысымда оқытатын білім ошағының саны 52-ден 23-ке дейін қысқарды. Ал бүгін тағы 5 мектептің есігі ашылып, 4 мыңнан астам оқушы су жаңа мектепке барды.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
Осы Іле ауданында бүгінгі күнге 3 ауысымдық қазір енді осындай мектептердің арқасында қысқарды. Облыста бүгін жаңа 5 мектеп қолданысқа берілді. 10 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Енді мынау «Келешек» мектептер бағдарламасы бітті. Облыс бойынша 26 мектеп салдық.
Дегенмен білім саласындағы құрылыс жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта облыста тағы 10 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы бой көтермек. Бұдан бөлек, 91 мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Өйткені, өңірде жыл сайын бірінші сыныпқа қабылданатын балалар саны 15 мыңға артып келеді. Демек жаңа мектептерге деген сұраныс та өзекті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы