Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Тасқыннан қаза тапқандар саны 900-ден асты

Непалда алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 900-ден асты. Ізім-қайым жоғалғандардың саны 4200-ге жеткен. Апат кезінде құрылысы аяқталмаған су электр станцияларының туннелдерінде жүздеген жұмысшы қалып қойған. Оларды құтқару операциясы күні-түні жүріп жатыр.

Жолаушылар паромы апатқа ұшырады

Солтүстік Кипр жағалауында жолаушылар паромы апатқа ұшырап, 8 адам қаза тапты. 18 адам жоғалып кетіп, 241 адам құтқарылған.

Су көлігі Гирне портынан түріктің Ташуджу қаласына аттанған кейін 6 жарым шақырым жүргенде аударылып қалған. Паром толқынға тап болса керек. Оқиғадан кейін қайықтың капитаны мен экипаждың 7 мүшесі тұтқындалды.

АҚШ пен Иран арасында қақтығыс қайта ушықты

АҚШ әскері Иранның Ларак аралындағы ракета ұшырғыш қондырғыларға соққы берді. Бұған жауап ретінде Ислам Республикасының армиясы АҚШ-тың Иордания мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әуе базаларына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Таяу шығыстағы ахуалдың шиеленісуінен Brent маркалы шикізат қымбаттап, баррелі 90 доллар 61 центке сатылып жатыр.

НАСА ғарышқа жаңа телескоп ұшырды

НАСА ғарышқа өзінің жаңа обсерваториясын ұшырды. Ғалымдар «Роман» телескобын ғаламның қара энергия, қара материя тәрізді құпияларын зерттеуге, Күн жүйесінен тысқары кеңістікте планеталар іздеуге және ауқымды гравитацияны тексеруге қолданбақ. «Роман» телескобының негізгі миссиясы бес жылға созылып, бұл шараға шамамен 4,3 миллиард доллар жұмсалуы мүмкін.

Бөлісу