Басты Жаңалықтар Жол ережесін көп бұзатындар үшін сақтандыру полисі қымбаттайды

Жол ережесін көп бұзатындар үшін сақтандыру полисі қымбаттайды

Жол ережесін көп бұзатындар үшін сақтандыру полисі қымбаттайды. Елімізде міндетті төлемді есептеу жүйесі толығымен өзгермек. Жол апатынан кейінгі сақтандыру мөлшеріне қатысты да өзгерістер бар.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Автосақтандыру полисінің бағасы әр жүргізушіге бөлек тарифпен есептеледі. Яғни, жолда өзін тәртіпті ұстайтын, жол апатына сирек түсетін жүргізуші сақтандыруды тиімді шартпен ала алады. Ал жол ережесін жиі бұзып, апатқа көп ұшырайтындар үшін полис қымбатырақ болады. Жаңа жүйеде сақтандыру компаниялары әр адамның жеке тәуекелін бағалайтын скоринг жүйесін қолдана алады.
Бірақ маңызды бір жайт бар. Сақтандыру компаниясы жүргізушіге полис бағасының қалай есептелгенін түсіндіруге міндетті болады. Ал азамат бағамен келіспесе, қайта қарауды талап ете алады. Бұл өзгерістің енгізілуіне мынадай себептер әсер еткен. Сақтандыру нарығындағы шығын өсіп барады. Бұған жол-көлік оқиғаларының көбеюі және қосалқы бөлшектер мен автосервис қызметтерінің қымбаттағаны да әсер еткен. Жол апатынан кейін төленетін соммаға қатысты да өзгеріс бар. Қосалқы бөлшектердің, материалдардың және жөндеу жұмыстарының құны бір ортақ базаға жиналады. Кез келген адам өз көлігіне төленетін шығын мөлшері қалай есептелгенін сол жерден қарай алады. Қысқасы, жаңа жүйенің логикасы қарапайым. Қауіпсіз деп танылған жүргізушіге баға да төмен. Ал жол апатына ұшырау қаупі жоғары болса, төлем де жоғары болады.
Жаңа жүйе бір күнде енгізілмейді. Алғашқы кезеңде скорингтің полис бағасына әсері қазіргі тарифтен +/-20%-дан аспайды.
Бөлісу