Басты Жаңалықтар Ер адам электросамокаттан құлап, қаза тапты

Ер адам электросамокаттан құлап, қаза тапты

Алматыда 44 жастағы ер адам электросамокаттан құлап, көз жұмды. Қайғылы оқиға түнгі уақытта болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, тұрғын көлік құралын басқара алмай, жол жиегіндегі жиектасқа соғылған. Ауыр жарақат алған ер адамға жедел жәрдем қызметкерлері дереу көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

Бұл азамат қарапайым сақтық шараларын танытпаған. Өзінің сақтау дулығасы болмаған. Сонымен қатар басқа да сақтық құралдары, жабдықтары  болмаған. Қазіргі таңда аталмыш дерек бойынша тергеу жүргізілуде. Басқа да мән-жайлар анықталуда.

500-ден аса электросамокат айыптұрағына қойылды

25 тамыздан электросамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енгелі бері Алматыда 1500-ге жуық құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 500-ден аса электросамокат арнайы айыптұраққа жеткізілген. Жаңа ережеге сәйкес, электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге болмайды. Ал көлік жүретін жолға тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және арнайы бас киімі бар азаматтар ғана шыға алады. Сонымен қатар электросамокатпен жолаушы немесе жүк тасымалдауға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде самокаттан түсіп, жолды жаяу кесіп өту қажет.

Бөлісу