Басты Жаңалықтар Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ болмайды

Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ болмайды

1 қыркүйектен бастап 2-4 сынып оқушылары БЖБ мен ТЖБ тапсырмайды. Енді аралық бағалау жүргізіледі. Нақтырақ айтсақ, оқушылардың білімі формативті бағалау арқылы анықталады. Мұғалімдер диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық, жобалық және зерттеу жұмыстарын қолданады. Бұл тәсіл баланың тек білімін ғана емес, оны тәжірибеде қолдану, сыни ойлау және өздігінен жұмыс істеу дағдыларын да бағалауға мүмкіндік береді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау туралы шешім ата-аналардың өтініштері мен педагогтердің ұсыныстары негізінде қабылданған. Бұған дейінгі бағалау түрлері бастауыш сынып оқушыларына қосымша оқу және эмоционалдық жүктеме түсірген.

Қалдыгүл Әмірбекова, Алматы қаласы №159 Ы.Алтынсарин атындағы гимназия директорының орынбасары:

Жаңа тәсілдің басты артықшылығы - бағалауда баланың бірреттік нәтижесіне емес, оның оқу барысындағы ілгерілеуіне бағытталуында. Біздің міндетіміз - балаға тек баға қою емес, оның нені меңгергенін, қай тұста қиналып жүргенін уақытылы анықтап, әрі қарай дамуына бағыт беру.

Сабақ кезінде телефон қолдануға тыйым салынады

Сондай-ақ енді сабақ кезінде ұялы телефонды қолдануға тыйым салынады. Сабаққа кірмес бұрын оқушылар смартфондарын педагогке тапсырады немесе сөндіріп, сөмкесіне салады. Аса қажет болса немесе төтенше жағдайда ғана оқушы телефонын пайдалана алады. Тағы бір өзгеріс – мұғалімдерге сыйлық беруге тыйым салынды. Тіпті мерекелерде, 1 қыркүйек күні гүл сыйлауға да болмайды. Сонымен қатар оқу бағдарламасына жаңа міндетті пәндер енгізілді. Биылдан бастап 5-7 сынып оқушылары «Конституция негіздері», 8-11 сынып оқушылары «Заң мен тәртіп», 10-11 сынып оқушылары «Құқық негіздері» курстарын оқиды.

Бөлісу