Басты Жаңалықтар Павлодар облысында 3 жылда 16 мектеп салынды

Павлодар облысында 3 жылда 16 мектеп салынды

Соңғы үш жылда Павлодар облысында 16 мектеп салынды. Дені ауылдық жердеЖаңа оқу жылы қарсаңында тағы екі елді мекенде қос білім ошағы оқушылар үшін есігін айқара ашты.  Жаңа білім ошақтары  қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жойыпбілім сапасын бір деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Әлихан Құрақбаев 1-сыныптан математика пәні бойынша қатарластарынан оқ бойы алда келеді. Биыл ол жасөспірімдер арасындағы Халықаралық  Балқан олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыста Қазақстандық 8-сынып оқушысы 10 сынып бағдарламасы бойынша есеп шығарған.

Әлихан Құрақбаев, оқушы:

Мұғаліміммен бірге өткен жылғы олимпиаданың есептерін көріп шықтық. Әрине, оңай болған жоқ. Күрделі тапсырмаларды орындадым. Қазақстаннан алты оқушы бардық. Ешбіріміз жүлдесіз қалған жоқпыз.

Өткен оқу жылы павлодарлық оқушылар үшін салымды болды. Республикалық олимпиадалар қорытындысы бойынша аймақ командасы басты орынға көтерілді. Ерекше бір бөле айтары, қала балалары ғана емес, ауылдық мектептер үздік нәтиже көрсете бастады. Оның бір себебі - білім ошақтары жаңартылып жатыр. Мәселен, соңғы үш жылда облыста 16 жаңа мектеп салынды. Оның 12-сі ауылдық жерлерде.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

Осыдан үш жыл бұрын 8 апаттық мектеп болған еді. Тіпті кейбір ауылдарға барғанда жүрегім ауырады, төбесі құламасын деп бөрене тіреп қойған.

Бұл - Екібастұз қаласына қарасты Атығай ауылы. Жаңа мектептің құны 1,5 млрд теңге. Білім ошағында 120 бала оқиды. Қаржыны демеуші компания берді.

Ертіс ауданы Қызылқақ ауылы - облыс орталығынан ең шалғай орналасқан елді мекен. Мұнда бюджеттік қаржыға 100 оқушыға аралған заманауи мектеп салынды. Бастысы - оқу бағдарламасының ерекшелігі.

Қуат Усин, Қызылқақ жалпы білім беру мектебінің директоры:

Біз жасанды интеллект бағдарламасы бойынша тереңдетіп білім беретін бес мектептің қатарына кірдік. қыркүйектен бастаймыз. Жаңа бағдарламаны игеру барысында шетелдік мұғалімдер келіп сабақ өткізеді. Ауыл балалары үшін бұл өте үлкен мүмкіндік.

Осылайша Кеңестік заманда салынған ауыл мектептері біртіндеп жаңартылып жатыр. Осының арқасында ауыл оқушылары халықаралық білім сайыстарында жоғары нәтижеге қол жеткізе бастады. Тағы бір ерекше бөле айтары, биылғы жылы грант бойынша оқуға түскен студенттердің дені мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің түлектері.


Бөлісу