Вице-президент пен Премьер-министр тағайындалды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысына қатысып, вице-президент және Үкімет басшысы лауазымдарына кандидаттарды ұсынды. Вице-президент - Ерлан Қарин және Премьер-министр лауазымына Олжас Бектенов тағайындалды. Бұл күнді ел көптен күтіп, түрлі болжамдар айтылғаны да белгілі.
Әуелі Президент Құрылтайдағы партияларының фракция жетекшілерімен кездесті. Жаңа Конституцияның 46-бабына сәйкес Премьер-министр лауазымына ұсынылған кандидатурасы жөнінде олармен кеңесуге тиіс еді. Одан кейін Құрылтай отырысы басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз біртұтас қоғам болып, тұңғыш рет ел тарихында Құрылтай сайлауын өткіздік. Заң шығарушы органның құрамын толық жасақтадық. Баршаңызға белгілі, Конституцияның 46-заңына сәйкес, Мемлекет басшысы Қазақстанның вице-президентін және Премьер-министрін тағайындайды. Аталған лауазымдарға лайықты деген кандидаттарды өздеріңізбен келісіп алуымыз қажет.
Келелі кеңесте ұтымды ұсыныс айтылды. Мемлекет басшысы вице-президент лауазымы мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарып, билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін қызмет екеніне екпін түсірді.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
«Белгілі, халық жақсы білетін адам». Президент сайлау күні болашақ вице-президент туралы осылай ғана тұспалдап айтып еді. Бүгін Мемлекет басшысы ұсынып, Құрылтай қолдап, Ерлан Қарин – вице-президент лауазыма тағайындалды. Рас, Мемлекет басшысы айтқандай, Қариннің қарымын, саясаттағы салмағын көпшілік жақсы біледі. Мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеп, ауқымды реформаларға атсалысты. Елдегі өзекті мәселелердің тамырын басып, дер кезінде үн қатып, халықпен етене жақын жүретін тұлға, дейді сарапшылар. Және бұл тағайындау жүргізіліп жатқан реформаларға жаңа рең беретінін айтып отыр.
Әлібек Молданиязов, саясаттанушы:
Ерлан Тынымбайұлы Қариннің болуы мүмкін деген болжамдар болды ел арасында. Президент бұл кандидатураға үлкен сенім артып отыр. Оның біріншісі елдің ішіндегі идеология саласындағы бірнеше жылғы жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ сыртқы саясаттағы орны бар және сол бағыттағы стратегиялық міндеттерді жауапты орындауға ыңғайлы тұлға ретінде қаралды деп ойлаймын.
Ал Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне артқан сеніміне алғыс білдіріп, елге қызмет етудің мән-маңызын айтты.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының вице-президенті:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз жиі айтатын сөзіңіз бар. Әрбір азамат үшін елге қызмет ету - үлкен бақыт әрі зор мәртебе. Маған да соңғы жылдары сондай зор мүмкіндік беріліп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтамын. Қандай қызметте болсақ та, өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, бар күшімді салуға уәде беремін.
Ал Премьер-министр лауазымына Президент қайтадан Олжас Бектеновты ұсынды.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Тағы да сол сайлау күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектенов басқарып отырған Үкіметтің жұмысына көңілі толатынын айтқан еді. Сол баға он күнде өзгерген жоқ. Бүгін Бектенов екінші рет Премьер-министр болды. Дегенмен басшысы орнында қалса да, Үкімет кәбинетінде кадрлық өзгерістер болады. Жұмысқа қан жүгірту үшін керек. Мұны Мемлекет басшысының өзі айтып, тарқата түсіндірген. Ал сарапшылар 2024-тің ақпанынан бері Үкіметтің жұмысында жүйе мен жаңғыру байқалады деп бағалап отыр.
Қайрат Бодаухан, экономист:
Президент сондықтан екінші рет мүмкіндік беріп, басталған істердің жүйелі іске асуына және әрі қарайғы мемлекет қолданып отырған жаңа саясатқа байланысты, жаңа геосаясатқа байланысты экономиканы тұрақтандыру, әртараптандыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды талап етіп отыр.
Депутаттар қос кандидатқа да қарсылық білдірмей қолдады. Ал «Әділет», «Ауыл» және «Ақжол» партияларының фракция мүшелері лауазым иелері жайлы оң пікір білдірді. Олжас Бектенов болса, Құрылтайдың депутаттармен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, маған жоғары сенім білдіріп, екінші мәрте Премьер-министр лауазымына тағайындағаныңызға алғыс білдіруме рұқсат етіңіз. Сондай-ақ бірінші шақырылымдағы Құрылтай депуттатарына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Біздің өзара бірлескен жұмысымыз Мемлекет басшысының әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру міндетін жедел, сапалы орындауға бағытталады деп сенемін.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Вице-президент Ерлан Қарин Құрылтай ғимаратынан шыға сала, Ақордаға барды. Президенттен бірқатар нақты тапсырма алды. Енді ол Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Мемлекет басшысының атынан өкілдік етіп, мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша ұстанымын жеткізіп отырады. Өз орнын сақтап қалған Олжас Бектенов те Ақордаға келіп, алдағы кезеңге арналған басты міндеттерін айқындап алды. Қорыта айтқанда, Президент үнемі «бізде Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ», - дейді. Бүгін де айтты. Бұл сөздің арғы жағында әр азаматқа артылған жауапкершіліктің жүгі жатыр. Ал халық сенім артып отырған лауазым иелеріне жүктің салмағы еселене беретіні анық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы