Басты Жаңалықтар «Мерейлі отбасы – 2026»: Атырауда облыстық кезең қорытындыланды

«Мерейлі отбасы – 2026»: Атырауда облыстық кезең қорытындыланды

Атырауда «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Бұл сайыс Мемлекет басшысының бастамасымен 2014 жылдан бері 13-рет өткізіліп отыр. Басты мақсат – отбасылық құндылықтарды нығайтып, өскелең ұрпаққа мол өнеге қалдыру дейді ұйымдастырушылар.

Атырауда ұлттық конкурс басталғалы бері 700-ден астам отбасы өтінім білдірген. Оқ бойы оза шапқан бір шаңырақ республика бойынша үздік деп танылып, бас жүлдемен оралды. Жалпы сайысқа қатысушылар саны жыл санап артып келеді.
Гүлнұр Сүйеуова, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:
Осы 2026 жылы мерейлі отбасы конкурсына қатысу үшін облыс бойынша 62 ұсыным жолданды. Олардың бәрі комиссиямен іріктеліп, зерттеліп, бүгін, міне, облыстық кезеңнің марапаттау шарасы өтіп жатыр.
Биыл облыстық кезеңге 8 отбасы жолдама алған. Өңірлік комиссия шешімімен бірінші орын Махамбет ауданынан келген Зұлқашевтарға, екінші орын Индер ауданынан Сабыровтарға, үшінші орын исатайлық Бөлековтар отбасына бұйырды. Ал бас жүлдені жылыойлық Оспановтар отбасы жеңіп алды.
Балтөре Оспанова, «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері:
Бәрі жақсы. Балалардың арқасында мен 95-ке келсем де жүрмін. Немере-шөбере, жиендерім бар, мен бақыттымын ғой.
Қасым Оспанов, «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері:
Шаңырақта ата-анамыздан алған тәрбиені ары қарай жалғастыруда, кейінгі ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие беруде, отбасы құндылықтарын сақтауда, берік нығайтып, кейінгі ұрпаққа жалғастыруда, үлкенге құрмет, кішіге ізет дегендей, жақсы тәрбиелі жанұямыз деп ойлаймын.
Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал облыстық кезеңде жеңіске жеткен Оспановтар отбасы Астанада өтетін республикалық байқауда бақ сынайды.


Бөлісу