Ғабит Мүсірепов театры халықаралық фестивальден екі жүлде алып қайтты
Шетел сахнасында қазақ театрының шоқтығы тағы биіктеді. Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен халықаралық театр фестивалінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры бірден екі жүлдені қанжығасына байлады.
Француз драматургі Жан Ануйдің шығармасы негізінде сахналанған «Қаһар» моноспектаклі «Үздік спектакль» аталымында топ жарса, қойылымдағы басты рөлді сомдаған Аида Жантілеуова «Үздік актриса» атанды. Адам жанының арпалысы мен ішкі қайшылығын бір ғана актердің ойыны арқылы жеткізген спектакль халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Халықаралық фестивальге Қазақстанмен қатар Канада, Үндістан, Дания, Польша, Италия, Сербия, Армения, АҚШ және Испанияның театр ұжымдары қатысты.
Дина Жұмабаева, Ғ.Мүсірепов атындағы ҚМАБЖТ режиссері:
Бұл өте үлкен дәреже деп ойлаймын. Театрға ғана емес, барлық Қазақстан елі үшін. Өнерімізді көрсеттік, Қазақстан театрының деңгейі қандай екенін көптеген ел көрді, қызығушылық танытты. Болашақта бұл фестиваль мен үшін, спекталь үшін өте көп жолдарды ашып жатыр. Мысалы, Үндістандағы фестивальге жолдама алдық.
Аида Жантілеуова, Ғ.Мүсірепов атындағы ҚМАБЖТ актрисасы:
Әрине күрделі, шығарманың өзі күрделі. Оның ішінде қаншама кейіпкерлер бар. Бір адам сол кейіпкерлердің барлығын толық өмір сүріп, сахнада жеткізе білу керек. Оның ішінде классика бар, музыка бар, сөйлейсің, неше түрлі іс-әрекет, қимыл бар. Осы спектальмен мұндай жетістікке жеткеніміз, үздік актриса атанамын деп мен, шыны керек, ойлаған жоқпын. Бірақ неге екенін режиссерім сенімді болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы