Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында кірпіш өндірісі өркендеп келеді

Қызылорда облысында кірпіш өндірісі өркендеп келеді

Қызылордада кірпіш өндірісі қарқын алып келеді. Аймақтың құрылыс саласына серпін берген заманауи зауыт жыл басынан бері 13 миллион кірпіш шығарған. Президент тапсырмасы аясында жүзеге асырылған инвест жобаның әлеуетін тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп келді.

Кірпіш зауыттың басты ерекшелігі - жұмысы толықтай автоматтандырылған. Арнайы оқудан өткен жергілікті мамандар бүгінде қытайлық технологияны жетік меңгеріп, қазір 70-ке жуық жұмысшы үш ауысыммен еңбек етіп жатыр. Яғни өндіріс күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. 

Ғалымжан Бекмұрзаев, жұмысшы:

Автоматтандырылған роботтардың барлығын қосып, қалай жөндеу керегін, бүкіл зауытын үйретіп, енді осы мамандықты өзіміз алып келе жатырмыз. Ауыр жұмыстың барлығын автомат  істейді. Біз тек қана сол қондырғыны басқарып отырамыз.

Жеті гектар аумақты алып жатқан алып өндіріс орнында әр процесс кезең-кезеңімен жолға қойылған.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Зауыттың негізгі шикізаты – саз. Мына жерде 4 мың тоннаға дейін құм жиналған. Саз автоматтандырылған жүйемен өңделіп, күніне 150 мыңнан астам кірпіш шығады.
Озық технология сазды өзі илеп, батпақтан кірпіштің формасын кесіп шығарады. Әрі қарай ылғалды кесек кептіріледі. Содан кейін барып, 185 метрлік арнайы пеште 900 градуста күйдіріліп, дайын өнім шығады. Мамандар Сырдың топырағынан өндірілетін кірпіштің сапасын жоғары бағалап отыр.  

Бауыржан Бекжанов, өндіріс басшысы:

Қызылорда облысы әрине шикізатқа, сазға өте бай. Оның құрамында ешқандай қоспаны араластырмасақ та, оның құрамында альюминиі бар, бентониті бар, тығыздығы жағынан. Біздің кірпішке өте қолайлы болып тұр. Былтырға қарағанда биыл 30 пайызға әлде де өнімді көбейттік.

Мемлекет қолдауымен іске қосылған отандық өндіріс бүгінде өңірдің құрылыс нарығын толықтай кірпішпен қамтып отыр. Қазір зауыт өніміне Ұлытау, Ақтөбе және Атырау облыстарынан сұраныс түсіп, өндіріс қуаттылығы тағы да артпақ.


Бөлісу