Басты Жаңалықтар ШҚО-да адамды аю талап тастаған

ШҚО-да адамды аю талап тастаған

Шығыстағы Риддер қаласының маңында бір омарташыны аю талап тастады. Соның салдарынан әлгі азаматтың бірнеше қабырғасы сынып ауыр жарақатпен ауруханға түсті. Зардап шеккен омарташыны сол маңдағы адамдар жыртқыштың тырнағынан құтқарып қалған. Дәрігерлердің айтуынша шұғыл көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде науқастың денсаулығы жақсарып келеді. Жалпы жыл басынан бері өңірдегі тұрғындардан орман және аңшылық шаруашылығы басқармасына аю шабуылына қатысты қырықтан астам шағым түскен. Әрбір шақырту бойынша инспекторлар жедел барып, аумақты тексеріп, жыртқыш аңды үркітуге әрекет етеді. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, аюдың ауылдарға жақындап, тіпті аулаға кіруін ормандағы қоректің азаюымен байланыстырады. Мәселен осы жазда қатты ыстықтың салдарынан жидек, саңырауқұлақ және самырсын жаңғағы өспей қалған.

Сергей Карманников, жедел әрекет ету бөлімшесі басшысының орынбасары:
Қазір елді мекендердің шетінде қоқыста азық-түліктің қалдығы да болады. Аю бір рет ол жерден қоректенсе қайтадан келеді. Сосын ауыл маңына бір жарымнан үш жасқа дейінгі аюлар торуылдайды. Өйткені олар адамнан қатты қорықпайды.


Бөлісу