Басты Жаңалықтар Вашингтонда роботакси қызметі қаралып жатыр

Вашингтонда роботакси қызметі қаралып жатыр

Қай қаланың тіршілігін алсақ та, такси қызметінің орны бөлек. Бірі діттеген жеріне жетсе, енді бірі осы саладан табыс тауып жүр. Ал жүргізушінің орнына көлікті робот басқарса, мұндай қызметті пайдаланар ма едіңіз? Мәселен, АҚШ-тың бірнеше қаласында Waymo компаниясының пилотсыз автокөліктері адам тасымалдап жүр. 300 млн шақырымнан астам жол жүріп тастаған. Енді осындай қызмет Құрама Штаттардың астанасы Вашингтонда қосылуы мүмкін. Толығырақ шетелдегі тілшіміз Темірлан Нұржанұлының материалында.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Енді Вашингтон жұртының тыныс-тіршілігіне  роботтар араласа бастады. Дәлірек айтқанда, өздігімен жүретін көліктер сынақтан өтпек. Пилотсыз машинаның қауіпсіздігі дәлелденсе, олардың саны 200-ге дейін көбейеді.

Чарльз Аллен, Вашингтон қалалық кеңесінің мүшесі:

Заң жобасы бойынша шамамен бір ай бұрын қоғамдық тыңдау өткіздік. Енді алдағы бірнеше айда түскен ұсыныстарды қараймыз. Кереғар пікірлер жоқ. Бірақ заң жобасын толықтыру қажет деген ұсыныстар да айтылды.

Әңгіме Waymo компаниясының роботаксилері жайлы. Оның қызметі Финикс, Сан-Франциско, Лос-Анджелес, Остин және Атлантада қолжетімді. Компания дерегіне сенсек, бұл көліктер 220 млн миль, яғни шамамен 354 млн шақырым жол жүріп тастаған. Waymo өз есебінде автономды таксилерде ауыр жарақат, я адам өліміне себеп болатын апаттар қарапайым таксилерге қарағанда 94  пайызға аз тіркелетінін көрсетеді. Алайда сарапшылар пилотсыз көліктердің кей жағдайлардағы әрекетіне қатысты сұрақ көп екенін айтады.

Мисси Каммингс, Джордж Мейсон университеттінің профессоры:

Пилотсыз көліктерде басқа бір қауіп бар. Мәселен, көлік еш себепсіз аяқ астынан тежелуі мүмкін. Жақында Waymo көлігі су басқан жерге кіріп кетті. Бағдаршам істемей қалған кезде де адам жағдайға қарай шешім қабылдай алады. Ал мұндай көлік үшін белгісіздік үлкен мәселе. Олардың осал тұсы осы.

Ал қала тұрғындарынің пікірі қандай?

Клэр Стэнли, қала тұрғыны: 

Мен көбіне итпен жүремін. Итім бар болғаны үшін такси қызметінен талай рет бас тартқан жағдай болды. Ал жүргізушісіз көлікте ондай кедергі жоқ.

Фасил Арега, такси жүргізушісі:

Waymo сияқты қызметтер біздің кәсібімізге қауіп төндіреді. Қазірдің өзінде Uber мен Lyft табысымызға әсер етті. Біздің отбасымыз, несиеміз, балаларымыз бар. Олардың оқуына ақша төлейміз. Сондықтан мұндай көліктердің Вашингтонға келгенін қаламаймыз.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Бүгінде заң жобасы қоғамдық тыңдаудан өтті. Енді ол қайта қаралып, күзде дауысқа салынбақ. Құжат қабылданса, Вашингтон автономды такси қызметін кезең-кезеңімен енгізетін АҚШ қалаларының қатарына қосылады.


Бөлісу