Басты Жаңалықтар Құрылтайға қандай міндет жүктелді?

Құрылтайға қандай міндет жүктелді?

Сонымен Құрылтайдың бірінші сессиясы басталды. Алғашқы отырысы жұмада өтті. Өткен жексенбідегі сайлауда Құрылтайға өткен Әділет, Ауыл, Республика, Ақ жол, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары сәрсенбі-бейсенбіде қай мүшелерін жіберетінін бекіткен.

Бейсенбіде Орталық сайлау комиссиясында куәліктерін алды. Жұмада анттарын қабылдады. Қ. Тоқаев оларға қандай міндет жүктелетінін баяндап берді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Құрылтайдың алғашқы сессиясында көп мәселе айтылды. Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы депутаттарға жауапты міндеттер жүктеді. Президенттен тапсырма алған Құрылтай мүшелері сол күні-ақ жұмысқа кірісіп кетті. Ол туралы сәл кейінірек.

Ал жиынды ашып берген Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа саяси институттың төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайды ұсынды. Оның кандидатурасына депутаттар кәдімгі бюллетеньдермен дауыс берді. Дауыс беру сәті жасырын өтті. Сол уақытта ютубтағы тікелей трансляцияда өшірілді. Кейін санақ комиссиясының төрағасы жиынға қатысып отырған 145 депутаттың 144-і қолдағанын, бір бюллетень жарамсыз болып қалғанын, қарсы ешкім болмағанын мәлімдеді. Айбек Дәдебайдың өзі бұл үлкен мәртебе әрі жауапкершілік екенін айтты.

Айбек Дәдебай, ҚР Құрылтайының төрағасы:

Алда қыруар жұмыс бізді күтіп тұр. Осы жауапты жолды бірге еңсереміз деп кәміл сенемін. Артылған сенім үшін тағы да рақмет айтамын.

Құрылтай бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына серпін беруі тиіс. Осылай деген Мемлекет басшысы мұны бұрынғы мәжілістің аты ғана ауысқан орган деп қарауға болмайтынын меңзеді. Өйткені Құрылтайға ауқымды құзыреттер берілді. Ол атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, түрлі стратегиялық мәселелерді шешуге қатысты. Осылайша заң шығарушы органның ықпалы бұрынғыдан да күшейді, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді. Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Осындай құзірет беріліп отырғандықтан депутаттарға жауапкершілік те көп. Президент әр заңның әділ әрі халыққа түсінікті болуы керегін еске салды.

Депутаттар, ең алдымен, жаңа Конституцияға байланысты қолданыстағы заңнаманы қайта қарап, оларды Конституцияға сәйкестендіруі керек. Оған қоса, бұрынғы Парламент қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын соңына дейін жеткізуі тиіс.

Динара Закиева, ҚР Құрылтайы төрағасының орынбасары:

Атап айтқанда, ерекше балаларды қорғау. Сонымен қатар әлеуметтік саланы дамыту және білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу. 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді шектеу.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Құрылтайының депутаты:

Біз ары қаратай салық кодексімен жұмыс істейміз. Біздің экономикамызға жақсы ықпал ететіндей қылып дұрыс түзетулерді енгізуді жоспарлап отырмыз.

Олжас Нұралдинов, ҚР Құрылтайының депутаты:

Президентіміз де айтты, әрбір саяси партияның бағдарламасын оқыды, зерттеді. Соның ішінен жақсы бір ұсыныстар болды. Сол ұсыныстарды енді заң қылып шықса ол жақсы болушы еді.

Құрылтайдың тұрақты комитеттері құрылып, олардың төрағалары анықталды. Комитеттер саны бұрынғы мәжілістен қарағанда біреуге артқан. Бұрын жетеу еді, енді сегіз болды. Біз сұхбаттасқан саясаттанушы мұны депутаттардың көбеюімен емес, уақыттың сұранысынан деп бағалады.

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:

Құрылтайдың ішінде жаңа осы ғылым, инновация бойынша комитет құрылды. Бұл қазір ұлттық қауіпсіздік саласынан өте маңызды жаңа бөлім болып отыр, себебі, бізде әскер саласы немесе экономикадан бөлек, осы инновация жаңа технологияларды меңгеруде заңнамалық бекітуге бүкіләлемде қажеттілік бар. Жасанды интеллект бойынша арнайы заңнамада қабылданды. Ал осы заңнама аясында ары қарай осы жасанды интеллектіні ғылым саласына инновация саласына бақылау орнатуды парламентарийлер, құрылтай мүшелері қаншалықты жұмыс жасауы керек.

Заң шығару сапасын арттыру және жемқорлықтың алдын алу үшін жасанды интеллектіні көп қолдануды тапсырды Президент. Ол кәсіби сараптаманы алмастырмаса да, талдау жұмысын тиімді етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі таңда менің бастамаммен «E-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді. Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың ақшасы оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмауы керегін айтты. Ол қаржы әлеуметтік саладағы ұзақмерзімді пайдасы бар жобаларға бағытталуы тиіс.

Мысалы, мектеп, балабақша, өңіраралық және қалааралық жолдар салуға бөлінгені жөн. Яғни, бүгін ақша жұмсалғанымен, нәтижесі бірнеше жылдан кейін халықтың өмір сапасына оң әсер етуі керек. Бірақ маңызды мәселе 12 триллиондай теңгені бөлу емес, оның қалай жұмсалатыны? Сондықтан Құрылтай алдында үлкен міндет тұр. Ол бөлінген әр тиынның тиімді жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейту.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Оны бақылаудың, қадағалаудың ең тиімді жолы цифрландыруды іске қосу. Яғни, біз егерде әлеуметтік обьектілерге қаражат бөлетін болсақ, ол міндетті түрде біздің электронды теңге деген жақсы технологиялық үрдістерге басып келе жатырмыз. Яғни қаражат бөлінгеннен бастап ең соңғы тұтынушыға жектенге дейінгі яғни ең соңғы нәтижесінің барлығы да осындай цифрлық бағдарламамен өтуі керек. Сол кезде оны бақылаудың да тиімділіг артады.

Тағы бір мәселе нысандардың сапасы қалай болады? Ұлттық қордан бөлінген ақшаға салынған мектеп, балабақша мен жолдың сапасын кім қадағалайды, қалай бақыланады? Құрылтай депуттаттары сапасыз құрылысқа жол бермейтін сапалы заңдар қабылдай ала ма? Міне, басты сұрақ осы.


Бөлісу