Басты Жаңалықтар Электросамокаттарға қатысты жаңа ереже: Нені білу керек?

Электросамокаттарға қатысты жаңа ереже: Нені білу керек?

Өткен түні Алматыда 44 жастағы ер кісі электр самокаттан құлап, қаза болған. Жиектасқа құлап, қатты жарақат алған оны дәрігерлер құтқара алмаған.

Осы аптадан бастап электросамокатпен тротуарлар мен жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынды. Пайдаланушылар велосипед жолдарымен жүруі тиіс. Веложолақ болмаса, жүріс бөлігінің оң жақ шетімен, әйтеуір, кәдімгі автожол жиегімен жүру қажет. Мұндай ереже қабылдаудың, әрине, себебі бар. Жүргіншілерді қағып өту көбейген. Рас, зуылдап келіп қалғанда селк етіп, секіріп үлгеріп жатамыз. Өздері де оңбай жарақаттанады.

Жақында британдық ғалымдар мен хирургтардың зерттеуі жарияланды: ауыр апаттарда электросамокат қолданушылар бас сүйегінің жарақатын мотоцикл айдайтындарға қарағанда 3,5 есе көп алады. Басты себебі – шлем тақпайды. Және шұңқырға түссе, самокат дөңгелегі кішкентай болғасын, адам рульден асып, басымен алға құлайды.

Самокатты жолдан шығарып тастауға болмас. Алайда кілтипаны көп болып тұр. Иә, проблеманы тек тыйыммен шеше алмайсың.

Жыл басынан бері елімізде электросамокаттардың қатысуымен 139 жол апаты болған. 2 адам қаза тапқан. 150-ге жуық адам жарақат алған.

Бақыт Қожаханов, Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматолог-ортопеді:

Көбінесе қолдары сынады, бұғана, содан кейін ішкі ағзалардың жарақаты болады. Көкбауыр жыртылады, бауыр жыртылады, содан кейін бүйректерінен өте көп зақым алып қалады. Басымен өте қатты құлайды. Басынан жарақаттары ауыр болады.

Енді 25 тамыздан бастап электросамокаттарға жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:

Электросамокаттың басты жолы веложолдар және веложолақтар. Веложолдар мен веложолақтар болмаған жағдайда, егер сіздің жасыңыз 18-ге толған, жүргізуші куәлігінің кез-келген санаты бар, жылдамдығын сағатына 25 шақырымнан аспаған жағдайда, жолдың оң жақ шетімен жүре аласыз. Барлық талаптар автокөлікке арналған талаптар. Оған қосымша шлем болуы керек, қорғаныш шлемі. Түнгі мезгілде жарық қайтарғыш элементтері бар заттар немесе киімдер болуы керек.

Бірақ бұл ереже мәселені түпкілікті шеше ме? Себебі...

Әлімхан Сансызбай, JET компаниясының ресми өкілі:

Қазақстан қалаларындағы велоинфрақұрылым электросамокаттардың сапарларын толыққанды қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Самокатпен тротуарларға немесе жолдың жиегімен жүруге тура келеді.

Ал автокөлік жүргізушілері «менмұндалап» көрінбейтін ықшам самокатпен жолды бөлісіп жүруге қаншалықты дайын?

Қала тұрғыны:

Әдеті бар, автобустардың қысатын. Велосипедтің өзі ПДД бойынша жолдың шетімен жүруге болады ғой. Бірақ автобустар қысып тастайды оны.

Қала тұрғыны:

Жолдың шетімен жүретін болса, екі жаққа да неудобно болады. Самокатқа да, көліктің өзіне де. Мысалы, мен көлік айдап келе жатсам, қасымда самокатчик болса, солға кете ме, оңға кете ме, тоқтап қала ма, құлап қала ма деген сияқты.

Қала тұрғыны:

Көлік жолында да ебедейсіз жерлерден, қолайсыз жерлерден шығып қалады да алдыңнан. Ол айдап келе жатқан адамның өз өміріне қауіпті деймін.

Қала тұрғыны:

Пешеходтарға өте қауіпті. Өзім де сондай жағдайға тап болғам. Қағып кете жаздады. Қолымнан біраз жарақат алдым.

Қала тұрғыны:

Самокат өзімнің жеке пікірімде көлік құралы ретінде санамаймын. Өйткені пайдасынан гөрі зияны көп. Оны айдайтын кімдер? 18 жасқа толған адам айдамайды. Оны 14-18 жас аралығында дейікші, олардың жол жүрудегі деңгейі жетпейді әлі.

Тұрғындардың арасында электросамокатқа мүлде тыйым салуға қарсы емеспін деген де азаматтар болды. Бірақ проблеманы мүлдем тыйым салу да шешпейді дейді, самокат жалға беретіндер.

Әлімхан Сансызбай, JET компаниясының ресми өкілі:

Алматы қаласында бір тәулігіне қазірдің өзінде самокаттарға қойылған шектеулерді ескере отырып, шамамен 4 операторды есептейтін болсақ, 60 мыңнан, 70 мыңға дейін сапарлар болады бір күннің ішінде. Кез-келген сұраққа шектеу арқылы ол сұрақты шешуге болады деп ойламаймын. Барлық такси құралдарына болмаса, автобусқа отырғызатын болсақ, барлығы біледі, таксидің бағасы қандай болатынын. Одан бөлек, Алматы қаласындағы қоғамдық көліктің жеткіліксіз екендігін барлығы біледі.

Бірақ самокатты жалға беретіндерден басқа пікір күту де логикаға сыймайды. Оның үстіне:

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:

Электросамокаттарды А пунктінен Б пунктіне тез жетіп алу деп ойлайтын едік қой. Бірақ талдаудың нәтижесіне самокатты тек аттракцион ретінде көңіл көтеру үшін ғана басым көпшілігі солай қолданылатыны анықталды.

Қалай дегенмен шорт кесіп, біржақты шешім шығаруға болмас. Әлем елдері не істеп жатыр? Тамыздың басынан бастап Парижде де арнайы шлемсіз, жарық шағылыстыратын кеудешесіз электросамокат айдауға тыйым салынды. Оларда әркім тек өз самокатын айдайды. Жалға беру қызметін 2023 жылы тоқтатқан. Жаяу жүргіншілердің жолымен самокат айдауға болмайды деген ережені бұған дейін Испания мен Австралия мемлекеттері де енгізген. Ал Сингапурде электрсамокаттар тек веложолақпен ғана жүре алады. 2027 жылдан бастап кикшеринге – самокат жалға беруге Брюссель де тыйым салмақ.

Әлімхан Сансызбай, JET компаниясының ресми өкілі:

Ең көп таралатын ол 2 қателік. Ол жаяу жүргіншілер жолағынан самокаттан түспей самокат айдап өту. Екіншісі, бір самокатты бір адамнан көп, мысалы, екі адам болып айдау. Негізі, тәртіп бойынша бір самокатта бір адамнан артық тұруға болмайды. Жаяу жүргіншілер жолағынан өткен кезде адам самокатты қолына алып жаяу өту керек.

Иә, самокат тізгіндегендер мінгеспей, соқтықпай, бас киімі мен кеудешесін киіп жүрсе, ал жергілікті әкімдіктер...

Әлімхан Сансызбай, JET компаниясының ресми өкілі:

Веложолақтарды көбейтуді ұсынамыз. Веложолақты салған кезде проектілеу этапында кикшеринг операторлармен қала өкілдіктері ақылдаса отырып жасаса, ол тиімдірек болады. Өйткені барлық операторлардың дата деректері болады. Қай жерде самокат көп жүреді, көпшоғырл анады, соған байланысты осы веложолақтарды жай ғана салып қою емес, қай жерге салу тиімді, қай жерге салу тиімсіз... Мүмкін, ол веложолақ салған жерде онымен ешкім жүрмейтін шығар.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:

Веложолақтармен жүрген кезде жаяу жүргіншілер электросамокаттардың жүрісіне кедергі келтіріп жатқанын оны да көреміз. Жалпы жол жүрісіне қатысушылардың мәдениеті. Оның ішіне көлік жүргізушісі де кіреді, жаяу жүргіншілер де кіреді, электросамокатты басқарушы жүргізушілер де кіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір жол жүрісіне қатысушы өзіне белгіленген жолмен жүретін болса, бір-біріне кедергі келтірмейтін болса, онда ешқандай тәуекелдер болмайды.

Елдос Есенбол, тілші:

70 мыңнан астам адам... 2014-2019 жылдар арасында АҚШ –та электросамокаттан жарақат алып, жедел жәрдемге жүгінгендердің саны осынша. Ал 2023 жылы Transport Reviews журналы 85 зерттеу мен кәсіби есептің нәтижесін жинақтап жариялаған. Онда самокатқа мінген әр жүз адамның 25-40 пайызы бұған дейін сол жолды автокөлікпен жүргені жазылған. Бірі қауіп туралы, екіншісі пайда туралы айтып тұр. Бірақ түйін біреу: самокаттың өзі мәселе емес, оны қалаға қалай енгізу маңызды. Өйткені қауіпсіз жолы жоқ жерде ең ыңғайлы көліктің өзі қауіпке айналады.
Бөлісу