Басты Жаңалықтар Полигон аумағын оңалту жұмыстары жүріп жатыр

Полигон аумағын оңалту жұмыстары жүріп жатыр

Семей Ядролық сынақ полигоны жабылғанына биыл 35 жыл. Қырық жыл қазақ даласын есеңгіреткен атом аждаһасының үні өшкеннен оның зардабын жоюға, тұрғындардың әл ауқатын жақсартуға бар күш жұмылдырылды. Бүгінде Абай облысында атом радиациясына уланған аумақты, онда тұратын халықты оңалту жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Мамандар бұл шараларды әлі де ширата түсу керек дейді.

Семейдегі Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты атом сынақтарынан зардап шеккен тұрғындарды тіркеп, радиациямен улану деңгейін зерттеп келеді. 2002 жылдан бері жүргізілген санақ нәтижесінде өңірде радиацияның әсеріне ұшыраған 375 мыңнан астам адам тіркелген. Басқа өңірлермен салыстырғанда олардың түрлі дертке шалдығу көрсеткіші  жоғары.

Гүлнар Әжмұратова, Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

Дертке шалдыққандар, ісік қатерлі аурулар. Өкпе және бронх, әйел адамдарда омырау ісігі. Бастың қатерлі ісіктері, көздің қатерлі ісіктері екі есе артық негізгі топта.

Сондықтан институттың клиникалық бөлімінде консультативтік-диагностикалық және терапиялық көмек көрсетіледі. 2002 жылдан бері мұнда 706 мыңнан астам адам тексеруден өтіп, дені стационарлық ем қабылдаған. Оған қоса облыс орталығында обыр дертіне шалдыққандарды озық әдістермен емдейтін Ядролық медицина орталығы жұмыс істейді.

Абай облысында соңғы жылдары әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының да саны артып 22-ге жетті. Солардың бірі — Президент тапсырмасымен салынған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған абилитация және оңалту орталығы. Мұнда бір мезетте 150 адам әлеуметтік, медициналық және педагогикалық көмекке жүгіне алады. Әсіресе бұрынғы Семей сынақ полигонынан зардап шеккендерге басымдық берілген.

Құмарбек Дауытов, емделуші:

Мекеме ашылғалы жылда осында келемін. Аз дегенде 3 ай жатамын. Мұнда қызметтері жақсы. Неше түрлі аппараттары бар. Бәрін де қолданады.

Атом жарылыстары жасалған жерлерді оңалту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Бұрынғы Семей сынақ полигоны Павлодар, Қарағанды және Абай облысындағы 1,8 миллион гектарды алып жатыр. Соның 1 миллион гектары Абай облысының аумағында. Ұлттық ядролық орталық мамандары бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп, радиациямен ластанған және таза жерлерді картаға түсірді. Нәтижесінде жарамды деп танылған 472 мың гектар жер биыл сәуірде Абай облысының құзыретіне берілген.

Әнуар Бейсенов, Сәулет, құрылыс және жер қатынастары басқармасының басшысы:

Қазіргі уақытта 96-шы, 98-ші жылдары берілген жерлер бар. Ол жақта 13 жер учаскесі қазіргі уақытта шаруа қожалықтарында, лас аумақта тіркелген. Осы 13 жер учаскесін, 8 шаруа қожалығының жерін біз таза аумаққа кіргізетін боламыз.

Енді радиациямен ластанған және таза аумақтардың шекарасы жасанды орман алқаптарымен бөлінбек. Биылдан бастап жердің құнарлылығын және оны қандай мақсатта пайдалануға болатындығы анықталады. Ал келесі жылдан жарамды жерлерді қолданысқа беру жоспарланған.

Бөлісу