Ғылым мен білім – ел дамуының негізгі тірегі
Ғылым мен білім ел дамуының негізгі тірегіне айналуы тиіс. Құрылтайдың алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы осы салаларға ерекше тоқталып, жасанды интеллектіні дамыту, білікті мамандар тарту және ғылымды нақты өндіріспен байланыстыру қажеттігін айтты. Президенттің бастамаларына отандық ғалымдар мен шығармашылық қауымдастық та қолдау білдіріп отыр.
Жаңа дәуірдің басты капиталы – табиғи ресурс емес, білім мен технология. Құрылтайдың алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы ғылым мен білімнің ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызын атап өтті. Әсіресе,, жасанды интеллектіні білім беру мен ғылыми зерттеулерге кеңінен енгізу қажеттігіне назар аударды.
Асқар Жұмаділдаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
Жасанды интеллект дегеніңіз қазір ғалымдар да, бизнесмендер де, зиялы қауымның дүниедегі бәрі айтып жатыр. Мұның күші, қуаты атом бомбасынан асып кетпесе, кем емес. ChatGPT-ден асып кетемін деген бос сөз. Біз оза алмаймыз еш уақытта. Бірақ өзіміздің шамамызға қарай ертең жеме жемге келгенде далада қалып қоймайық десек, осындай тіпрлікті бастауымыз керек.
Президенттің бастамалары ғылыммен ғана шектелмеді. Құрылтайда «Кітапхана және баспа ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу тапсырылды. Бұл – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған қадам. Кітаптың қолжетімді болуы, баспа ісінің дамуы және оқырман мәдениетін қалыптастыру – білімді қоғам құрудағы маңызды шарттардың бірі.
Ғалым Қалибекұлы, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары:
Кітаптың сапасын арттырып, кітапты сапалы шығару деген дүние. Осының барлығына заңның көмегі керек. Заң арқылы осыны насихаттамасақ мұның тиянағы болмайды және мұның арты бізді, ұрпақты сауатсыздандыруға әкеліп соғады.
Мемлекет басшысының Құрылтайдағы сөзінде ғылым мен білімнен бастап, адам капиталын дамытуға дейінгі бірқатар стратегиялық міндет айқындалды. Сарапшылар мұны елдің ұзақ мерзімді даму бағытын негіздейтін басты қадам деп бағалайды.
Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:
Адам капиталының деңгейімен ғана біз жаһанда бәсекеге қабілетті бола аламыз. Сондықтан Құрылтайдың алғашқы отырысында осы мәселеге ерекше акцент беріліп, және жаңадан сайланған Құрылтай мүшелеріне берілген үлкен мессеж деп қабылдауымыз керек. Себебі, Мемлекет басшысы бұл салаға бағыт-бағдар, тапсырма емес, жалпы ұлтық бағытымыздың даму бағдарын көрсетіп жатыр деп айтуымыз керек.
Ғылым мен мәдениеттегі бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – адам капиталын күшейту. Мемлекет басшысы білімді, тәртіпті және еңбекқор қоғам қалыптастыру қажеттігін атап өтті.Ал ғалымдар үшін бұл – жаңа мүмкіндікпен қатар, үлкен жауапкершілік. Ендігі міндет – ғылыми ізденісті нақты нәтижеге айналдырып, елдің технологиялық және интеллектуалдық дамуына үлес қосу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы