Басты Жаңалықтар Денсаулық сақтау жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр

Денсаулық сақтау жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр

Ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Маман жетіспеушілігі 2023 жылмен салыстырғанда 30 пайызға дейін қысқарған. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі айтты. Қазір сұраныстағы медицина қызметкерлерін елді мекендерге тарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Ол үшін берілетін біржолғы төлем 8,5 миллион теңгеге дейін көбейген. Сонымен бірге, әлеуметтік қолдауға ие болған дәрігерлер қатары артқан. Соның ішінде қызметтік үймен қамтамасыз етілген мамандар саны былтыр 727 адамға жеткен. Тимур Мұратов елімізде денсаулық сақтау саласын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр, деді. Мәселен, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында, өткен жылы 655 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілген. Қазір тағы 32 аудандық аурухана жаңғыртылып жатыр, оның ішінде 12 нысанда жұмыс толық аяқталған. Биыл республикалық бюджет пен Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен екі көпбейінді аурухана мен төрт емхана салынып жатыр. Сондай-ақ, ведомство өкілі елде шығарылатын дәрілер мен медициналық бұйымдардың көлемі 30%-ға артқанын айтады. Отандық өнімнің үлесі 40%-дан асқан. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының былтырғы  Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр.

Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

2025 жылы фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестициялар 56 пайызға өсіп, 142,8 млн АҚШ долларына жетті. 2026 жылдың І тоқсанында тағы да 7,1 млн АҚШ доллары тартылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша фармацевтикалық өндірістерді салу және кеңейту жөніндегі 8 ірі жоба іске асырылуда. Оларды іске қосу Қазақстанда алғаш рет 494-тен астам жаңа атаудағы дәрілік заттарды, оның ішінде онкологиялық, жүрек қан-тамыр, 6 иммунды орфандық және инфекциялық ауруларды сондай-ақ қан диабетін емдеуге арналған препараттарды өндіруге ұйымдастыруға мүмкіндік береді.


Бөлісу