Басты Жаңалықтар Медицина сапасына енді қоғамдық бақылау күшейеді

Медицина сапасына енді қоғамдық бақылау күшейеді

Медицина сапасына қоғамдық бақылау күшейеді. Себебі, халықтың шағымы ескерусіз қалмауы тиіс. Премьер-Министр орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Аида Балаева жауаптыларға осындай тапсырма берді. Енді өңірлерде арнайы штабтар құрылады. Оның құрамына тәжірибелі дәрігерлермен бірге мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері кіреді. Олар мемлекеттік, жекеменшік барлық емханалар мен стационарлардың жұмысын тексеріп, халық шағымының нақты себебін анықтайды. Әсіресе шағым саны күрт өскен Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматының жағдайы жеке талданады. Аида Балаеваның тапсырмасымен педиатриядағы бақылау да күшейтілді. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек базасында бейінді бөлімшелер нығайтылып, балалардағы патологияны ерте анықтау үшін 450-ге жуық даму және ерте араласу кабинеті ашылды. Ал дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету цифрландырылып, «Әлеуметтік әмиян» арқылы 9,6 миллион электронды рецепт жазылған. Ең бастысы – енді медициналық ұйымның бағасы тек есеппен емес, пациенттің нақты пікіріне де байланысты болады. Үш жыл қатарынан төмен нәтиже көрсеткен емханаларды қаржыландыру жүйесі қайта қаралады. Сапа төмендесе, жауапты басшыларға қатысты шешім қабылданады. Яғни, медицина саласының сапасын арттыра алмайтын басшылар орнын босатады.


Бөлісу