Ақтөбеде оқушылар ауа райын болжайтын құрылғы құрастырды
Ауыл тұрғындары ауа райын білуі үшін қалта телефонындағы болжамдарға емес, екі оқушының хабарламаларына сенеді. Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында тұратын сегізінші сынып оқушылары Максим Гриненко мен Мансұр Танатбаев ауа райын болжайтын құрылғы жасап шығарған. Олар өз болжамдарын алдын ала әлеуметтік желілер арқылы ауылдастарына жолдап отырады.
Максим мен Мансұрдың бұл өнертабысы бір қарағанда өте қарапайым көрінеді. Алайда, осы шағын ғана құрылғы арқылы ауа температурасын, желдің екпінін және жауын-шашын мөлшерін дәл анықтауға болады. Талантты оқушылар оны пластиктен құрастырған. Қажетті бөлшектерін тапсырыспен алдырған.
Максим Гриненко, оқушы:
Бізді дауыл қайдан пайда болады, күн неге күркірейді деген сұрақтар мазалайтын. Сондықтан табиғат құбылыстарын өзіміз зерттеп көрсек деген қызығушылық пайда болды. Нәтижесінде, осы зондты құрастырдық. Оны метеорологиялық орталықтардағы құрылғылардың шағын нұсқасы десек те болады.
Оқушылар өлшеу құралдары мен метеорологиялық радарлардың мәліметтерін телефондарына тіркеп отырады. Алынған ақпараттарға арнайы бағдарлама арқылы талдау жасап, болжамдарын тұрақты түрде әлеуметтік желілер арқылы ауылдастарына жібереді.
Шаттық, Жеңіс ауыл тұрғыны:
Сол жаққа ауа райы болжамдарын салып тұрады. Екі сағат бұрын жаңбыр болады деп салған, міне екі сағаттан кейін жаңбыр басталып жатыр. Дұрыс, болжамдарына сенеміз, бізге ұнайды.
Оқушылардың бұл жұмысы ғылыми жобалар байқауында да жоғары бағаға ие болған. Құрылғының басты ерекшелігінің бірі – түскен жауын-шашын мөлшерін дәл анықтауында.
Жанат Қарасаева, География пәнінің мұғалімі:
Зондты қойып қоямыз, осы кішкентай чащасына су жиналады. Жаңбыр біткенше сол жерде тұрады. Жиналған суды өлшемі бар цилиндрге құямыз, қанша мм жиналғанын содан анықтаймыз.Содан біз қанша түскенін анықтаймыз. Өйткені, өмірде қанша түскенін көзбен көре алмамыз, жерге сіңіп кетеді, немесе булану болады деген сияқты.
Бұл мектеп оқушыларының жалғыз өнертабысы емес. Мәселен, шағын су электр стансасы және су сүзгісі жобалары да мамандардың оң бағасын алған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы