Басты Жаңалықтар Қытай мен Непал шекарасында табиғи апат қайталануы мүмкін

Қытай мен Непал шекарасында табиғи апат қайталануы мүмкін

Қытай мен Непал шекарасындағы табиғи апат қайталануы мүмкін. Қытай билігі Сицзан аймағындағы құтқару-іздестіру жұмыстарын шұғыл түрде тоқтатты. Бұған әуеден жасалған барлау нәтижелері себеп. Фото түсірілімдер апат болған шатқалдың жоғары бөлігінде аса мол мөлшерде су жиналып тұрғанын көрсеткен. Қазір құтқарушылардың өздері  жаппай қауіпсіз жерге шығарылып жатыр. Ал осы уақытқа дейін Қытай территориясында жүргізілген іздеу жұмыстары кезінде  5 адамның мәйіті табылды. Тағы із-түссіз жоғалған 558 адам іздестірілуде. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сәйкес 93 мың адам зардап шеккен. 20 мемлекеттің бір мыңдай азаматы ізім-қайым жоғалып кетті. Опат болған адам саны 550-ге жуықтады. Қытайлық сарапшылар апаттың неден болғанын хабарлады.

Го Чжаочэн, Қытайдың табиғи ресурстар министрлігінің сарапшысы:

Алапат лай көшкіні мұздықтардың опырылуынан болған. Құлаған бөлшектер аса жылдамдықпен құлдилаған. Жүргізілген мониторингке сәйкес лай мен тас аралас су төменге небәрі 7 минутта жеткен. Енді қазір тағы қауіп төніп тұр. Әуеден барлау нәтижелері таудың жоғары бөлігіндегі қос өзеннің түйіскен жерінде 2,5 миллион текше метр су жиналып тұрғанын көрсетті.  


Бөлісу