Басты Жаңалықтар Мектеп формасы талабын сақтамағандар айыппұл төлейді

Мектеп формасы талабын сақтамағандар айыппұл төлейді

Мектепке сабақ кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынды. Сондай-ақ форма талаптарын сақтамаған оқушылар мен мектепке боянып барғандардың ата -аналарына жаза қарастырылған. Биылдан бастап оқу бағдарламасына бірнеше жаңа міндетті пәндер қосылды. Жаңа оқу жылына дайындықты пысықтаған Оқу-ағарту министрлігі әлімжеттілікпен күресті де күшейтетінін айтты. Рет-ретімен әріптесім Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.

Макияжға тыйым. Енді мектепке боянып баруға болмайды. Ережені елемеген оқушыларға нақты бір жаза немесе айыппұл қарастырылмаған. Дегенмен, шара қолданамыз деген мектеп басшыларына тұсау жоқ.

Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:

Барлығымызға белгілі, макияж – бұл теріге зиян, ал оқушы жастайынан боянса, денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан макияжға тыйым салу жағын білім ошағының басшылары мен ата-аналар шешеді. Әр мектептің өзінің ережелері болатынын естен шығармайық. Ал мектеп формасына келсек, талапты сақтамаған оқушылардың ата-аналарына ескерту жасалады, қайталанса, айыппұл салынады.

Сабақ кезінде телефон қолдануға тыйым салынды

Айыппұл мөлшері 21 мың теңге. Сондай-ақ енді сабақ кезінде ұялы телефонды қолдануға тыйым салынады. Сабаққа кірмес бұрын оқушылар телефондарын педагогке тапсырады я болмаса сөндіріп, сөмкесіне салады. Аса қажет болса немесе төтенше жағдайда ғана оқушы телефонын пайдалана алады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламаларына жаңа міндетті пәндер енгізілді. Нақтырақ айтсақ, биылдан бастап 5-7 сынып оқушылары «Конституция негіздері», 8-11 сынып оқушылары «Заң мен тәртіп», 10-11 сынып оқушылары «Құқық негіздері» курстарын оқиды.

Білім беру ұйымдары алдын ала ескертусіз тексеріледі

Тағы бір жаңалық – енді мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдары алдын ала ескертусіз тексеріледі. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің сөзінше, мектеп асханалары, медициналық пункттер және интернаттарға мониторинг жүргізіледі.

Сархат Бейсенова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:

Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайына, ғимараттар мен инженерлік желілердің, асханалар мен медициналық пункттердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр.

Бұған себеп бар. Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру барысында 2 мыңнан астам білім ошағының асханасында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Мұндай жағдай әсіресе Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында көп тіркелген. Тағы бір кезек күттірмейтін мәселе – ол, әрине, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы әлімжеттілік пен буллинг.

Құралай Карина, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

Біз қазір әрбір мектепке, колледжге біздің қызметкерлер тағайындалды. Біздің басшылар тағайындалды. Профилактикалық жұмысқа маңызды қарап жатармыз. Біріншіден, ұялы телефон пайдаланылмайды. Ол бізге көмек.

Қысқасы, жаңа оқу жылында оқушыларға қойылатын талаптар күшейді. Мақсат – балалардың еркіндігін шектеу емес, олардың қауіпсіз ортада сапалы білім алуына жағдай жасау, дейді жауаптылар.


Бөлісу