Сәтимола кен орнында калий тұзын өндіретін комбинат құрылысы басталды
Батыс Қазақстан облысы Сәтимола кен орнында калий тұзын өндіретін зауыт құрылысы басталды. Кәсіпорын іске қосылған кезде Қазақстан әлемдегі калий тыңайтқышын өндіретін озық 10 елдің қатарына енеді. Жобаның жалпы құны – 1,5 трлн теңге. Өңірдің инвестициялық әрі өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын кен байыту комбинатының құрылысын әріптесім Ардақ Мұратқызы алғашқылардың бірі болып көріп келді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Біз қазір Сәтимола кен орнындамыз. Бұл жерде екі шахтаның орны дайындалып жатыр. Осы аумақта тереңдігі 650-700 метр болатын отпан қазылып жатыр.Шахтаның отпаны – жердің үсті мен астын жалғайтын тік өткел. Аумақ 60-шы жылдары барланып, кеніштен шамамен 3 млрд тонна калий қоры табылған еді. Сәтимола Ақжайық ауданында, Оралдан 400 шақырымдай қашықта орналасқан. Алып құрылысты германиялық қос компанияның еншілес кәсіпорны қолға алған. Жұмыс неміс технологиясына негізделген.
Олег Каледин, Тау-кен құрылыс компаниясының техникалық директоры:
Кен орнының геологиялық жағдайы өте күрделі. Тіпті төрт метрден су шығады. Біз бірнеше рет күтпеген жағдайларға тап болдық. Салып жатырған шахтамызды су басып кетті. Бірақ бәрінің инженерлік шешімін тауып, құрылысты жалғастырып жатырмыз.
Арнайы техникалар Германия, Қытайдан әкелінген. Мысалы, мына алып кран салмағы 200 тонна жүкті көтере алады. Құрылыс басында 140 адам еңбек етіп жүр. Германия, Ресей және еліміздің Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Түркістан облыстарынан да арнайы мамандар келген. Жергілікті тұрғындардан да жұмысшылар тартылған.
Руслан Жұмыров, электрмен қамту бөлімінің учаске басшысы:
Біздің жұмысымыз - осы кен орнын тоқпен қамтамасыз ету үздіксіз. Жұмысымыз қарқынды жүріп жатыр. Қазір кабель жүргізіп, лотоктарды тартып жатырмыз. Жағдайымыз жақсы.
Калий тұзы негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады.
Халықаралық нарықта да жоғары сұранысқа ие. Комбинат іске қосылған кезде жаңа
жұмыс орындары ашылып, салық түсімі көбейеді. Көлік-логистика, құрылыс,
сервистік қызметтің дамуына тың серпін береді.
Бибігүл Ниетқалиева, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
Жоба 4 кезеңнен тұрады. Жалпы құны - 1,5 трлн теңге. 5 мыңға жуық жұмыс орнын құру көзделген. Жоба қуаттылығы - 1,5 млн тоннадан 2034 жылы 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.
Жобаға Қазақстан даму банкі қаржы құйып отыр. Бастапқы кезеңге 450 млн АҚШ доллары құпталған. Кен байыту комбинатының құрылысы екі жылдан кейін аяқталмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы