Басты Жаңалықтар Құрылтай депутаттары ант берді

Құрылтай депутаттары ант берді

Бүгін Құрылтай депутаттары ант берді. Бір палаталы парламенттің 145 депутаты серт беріп өз өкілетін жүзеге асыруға кірісті. Жиында Құрылтай төрағасы сайланып, алдағы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Тарихи атауы қайта жаңғырған жаңа органның алғашқы отырысы қалай өтті? Әріптесім Ернұр Медетұлы баяндайды.

Алғашқы алқалы жиында депутататтар алақандарын Конституцияға қойып ант берді. Осылайша бірінші пленарлық отырыс ресми рәсімнен басталды.

Содан соң Құрылтайдың жаңа басшылығы жасақталды. Мемлекет басшысы жаңа заң шығарушы органның Төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайды ұсынған еді. Жасырын дауыс берген 145 депутаттың 144-і Арқабайұлының кандидатурасын қолдады.

Айбек Дәдебай, ҚР Құрылтайының төрағасы:

Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі тарихи жауапкершілік. Алда қыруар жұмыс  бізді күтіп тұр. Осы жауапты жолды бірге еңсереміз деп кәміл сенемін. Артылған сенім үшін тағы да рақмет айтамын.

Депутаттардың пікірі әрқилы болғанмен, мақсаттары ортақ. Жеңін түріп, белін буған жаңа құрам жұмысқа жұмыла кіріспек. Себебі алда атқарылар шаруа шаш етектен.

Екатерина Смолякова, ҚР Құрылтайының депутаты:

Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 өңір ауыл-ауылды барлығын аралап келдік. Халықтың мұң-мұқтажын, тілегін, үндеуін, бәрін естіп енді осы қабырғаға арқалап келдік. Мемлекет басшысы бүгін нақты міндеттерді атап өтті. Цифровизация, ЖИ бойынша, онлайн-платформалар мен масс-медиа бойынша, ерекше балаларды кешенді қолдау бойынша жұмысты тапсырма етіп берді. Мінеки, осы бағыттарда біз жұмыс істейтін боламыз.

Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылып, олардың төрағалары да сайланды. Бағыттары да сан алуан. Аграрлық сала, әлеуметтік-мәдени даму, құқық, қаржы, өңірлік және инфрақұрылымдық даму, халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік, цифрландыру және ғылым, экономика пен энергетика. Алғашқы күнгі қарбалас бірден аңғарылды.

Ернұр Медет, тілші:

Депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін. Ал енді осы мінберден айтылған сөздің салмағы нақты іспен өлшенбек. Құрылтай сөзі жаңа мазмұнмен қайта жаңғырды. Бірақ міндет бәз-баяғы. Елдің сөзін сөйлеп, жұрттың жүгін арқалау.


Бөлісу