Басты Жаңалықтар Қостанай облысында егінге ерте орақ салды

Қостанай облысында егінге ерте орақ салды

Қостанай облысында  егін ору  науқаны қыза түсті.  Былтыр диқандар гектарынан 17 центрнерге жуық өнім алып, бұрын соңды болмаған рекорд орнатқан еді. Ал биыл аптап ыстық астық  шығымына қалай әсер етті?   Шаруалар мол өнім ала ма? Мәдина Нағашыбай тарқатады.

Мәдина Нағашыбай, тілші:
Биыл Қостанай облысында барлығы 4 млн гектардан астам жерге бидай егілді. Диқандар  алқапқа тамыз айының ортасы орақ салды. Күн ерте жылынып, науқан әдеттегіден  бұрын басталды. Диқандар бүгінде  жалпы егіс алқабының  33 пайызынан өнім жинап үлгерді. Айтуаларынша, аптап ыстық болса да, бидай бітік шыққан.
Қостанайлық шаруа Болат Басшыбаев көктемде 1500 шаршы метр аумаққа дән егіп, тамыз айының ортасы жиым-терімді бастап кеткен. Шілденің шіліңгір ыстығына ұрынса да, гектарынан 12 центнерден өнім алып жатыр. Айтуынша, бұл жақсы бастама.
Болат Басшыбаев, диқан:
Осы жолы уақытында жаңбыр болды. Қамырлығы күшті. Бидай ауыр. Қамырлығы — 30-ға жетті. Бізде жақсы көлемдік салмағы. 775 г/л – бұл өте жақсы.
Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына  жан-жақты қолдау көрсетеді. Биыл кәсіпкерлерге  150 миллиард теңге көлемінде  жеңілдетілген несие берілді. Сондай-ақ шаруаларға техниканы тиімді шартпен лизингке алу мүмкіндігі қарастырылған.  Ал облыста биылғы науқанға 80 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді.
Болат Басшыбаев, диқан:
Жаңа техника алып жатырмыз. Комбайн алдық, трактор алып жатырмыз. Лизингпен 7 жылға берді. 2 комбайнның орнына істейді. Қауқары да, өнімділігі де жоғары. Сапасы да бидайдың тап-таза боп шығады.
Алайда жаз айының аптап ыстығы кейбір шаруашылыққа қатты батты. Әсіресе оңтүстік аудандарда биыл ылғал аз.  Күйген дәнде салмақ жоқ. Сондықтан мамандар өнімділік былтырғыдан төмен болуы мүмкін деп болжап отыр.
Кенжеғозы Жұмандықов, облыстық а/ш басқармасының бас маманы:
Былтыр бізде ауа райы қолайлы болып, дәнді дақылдардың 6 миллион 740 мың тоннадай жиналды, биылға міне қазіргі алдын ала болжам бойынша қазір 5 миллион тоннаның шамасында жинала ма деп ойлаймыз.
Дейтұрғанмен астық сапасы былтырға қарағанда жоғары. Қамырлылық 22-30 процент аралығында.  Қамбаға түскен өнімнің жартысына жуығы үшінші сұрыпқа жатады. Ал өңірдегі жиын-терім науқаны қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы мүмкін.


Бөлісу