Бельгияға Қазақстан зығырының экспорты артты
Еуропада Қазақстанның ауылшаруашылығы өнімдеріне сұраныс күннен-күнге артып келеді. Біздің ел Еуропалық Одаққа, әсіресе Бельгияға зығыр тұқымын жеткізуден көш бастап тұр. Былтыр корольдікке отандық өнімнің экспорты бірден екі есеге өскен. Бельгиялық компаниялар бұл көрсеткішті еселемек ниетте. Еліміздің осы мемлекеттегі елшісі Роман Василенко қазақстандық шикізаттан зығыр майын шығарып, әлемге саудалап отырған кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Қазақстандық зығырдың сапасы өте жоғары. Майлы дақылдарды өңдеумен айналысатын кәсіпорын үшін ең алдымен тұқымның майлылығы маңызды. Қазақ зығырында ол айтарлықтай жоғары. Бұл жақсы май шығымдылығын және жоғары өнімділікті қамтамасыз етеді. Сондай ақ қазақстандық зығырдың құрамы омега-3 дәруменіне бай. Сондықтан біз қазақстандық шикізатты қатты бағалаймыз.
Бұл Қазақстандық зығыр дәнінен жасалған зығыр майы. Бельгиялық компания осы өнімді Оңтүстік Америка, Оңтүстік Африка мен Азия елдеріне экспорттап отыр. Болашақта қазақстандық зығыр Бельгияға тұқым күйінде емес, дайын, жоғары технологиялық өнім ретінде жеткізілуі мүмкін.
Яғни тараптар шикізат саудасынан терең өнеркәсіптік серіктестікке көшіп, зығырды Қазақстанда өңдеп, өндіруге ниетті.
Роман Василенко, ҚР Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның ЕО жанындағы тұрақты өкілі:
Компания өндірісті Қазақстанда жергіліктендіруге және бірлескен кәсіпорын құруға қызығушылық танытып отыр. Өйткені, өзара тиімді ынтымақтастық орнатып, дайын өнімді аймаққа, Қытайға экспорттау үшін әлеует жоғары. Бельгия королі Филиптің биыл қазанда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапары аясында компания басшылығымен ынтымақтастығымызға жаңа қадам жасалады деген үміттеміз.
Зығырдан пайда шаш етектен. Бельгиялық компания дәннен май сығып алғаннан кейін қалған тұқымнан малға жем жасап, Еуропа елдеріне саудалап отыр. Тіпті, линолеум, түрлі желімдер мен бояулар жасауға да зығыр майын пайдаланады. Бізге керегі осы тың технология. Бельгиялық кәсіпкерлер тәжірибесін бөлісіп, Қазақстаннан зығыр тасымалдауды одан әрі күшейтуге ниетті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы