«Венадан Буэнос-Айреске дейін» классикалық музыка кеші өтті
Алматыда классикалық музыка сүйер қауымға ерекше кеш тарту етілді. «Венадан Буэнос-Айреске дейін» атты концертте әлемдік музыканың үздік туындылары орындалып, көрермен Вена классикасынан Аргентинаның жалынды тангосына дейінгі әуезге куә болды. Халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Ерасыл Хамит пен дирижер Ілияс Дүйсен жетекшілік еткен оркестр өнер көрсетті. Кеш көрерменнің көңілінен шығып, залда ине шаншар жер болмады.
Венадағы асқақ классика мен Буэнос-Айрестің отты ырғағы бір сахнада тоғысты. Музыкалық кештің шымылдығы Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған әйгілі концертімен түрілсе, екінші бөлімде Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» циклі орындалды. Еуропалық классика мен Латын Америкасының музыкалық бояуы астасқан кеш көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Көрерменнің қошеметі де кештің қаншалықты әсерлі өткенін аңғартты. Зал лық толып, тыңдарман әр шығарманы ерекше ықыласпен қабылдады. Ал бұл кеш Ерасыл Хамит үшін шығармашылық жолындағы маңызды сәттердің бірі болды. Өйткені, жас скрипкашы алғаш рет ата-анасымен бірге бір сахнада өнер көрсетті.
Салтанат Қадырсейітова, скрипкашы, Ерасыл Хамиттің анасы:
Ерасылым Қазақстанға концерт қойсам деп бұрыннан армандаған еді. Сол арманы енді орындалып жатыр. Консерваторияға көп-көп рахмет көмектесендеріне. Австрия да, Еурорпаның көп қаласында концерт берген. Алдымызда бізде қарашаның 20-да Испанияда оркестрмен ойнайды.
Ерасыл Хамит – халықаралық сахнада танылып келе жатқан жас қазақстандық скрипкашы. 2025 жылы Испаниядағы CullerArts халықаралық байқауында І орын иеленіп, әлемнің бірнеше беделді концерт залдарында өнер көрсетті. Вена, Зальцбург, Токио, Санкт-Петербург пен Мәскеуде өнер көрсеткен музыканттың Алматыдағы кеші де жоғары деңгейдегі шеберлігін танытты.
Бүгінгі концерт өзім есімін мақтанышпен иеленіп жүрген арғы атам – соғыс ардагері, халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиге арналады. Бұл кештің тағы бір ерекшелігі – мен алғаш рет ата-анаммен бірге бір сахнада өнер көрсетіп отырмын. Менің басты арманым – әлемдік сахналарда қазақтың классикалық музыкасын дәріптеу. Бүгін көрерменге веналық классика мен аргентиналық тангодан тұратын ерекше бағдарлама ұсындық.
Кеш соңында залда ұзақ уақыт бойы қошемет көрсетілді.«Венадан Буэнос-Айреске дейін» концерті әлемдік классиканы қазақ өнерінің жаңа буынымен үндестірген мазмұнды кеш болды. Сахнадағы әр әуен көрерменге өзгеше әсер сыйлап, концерт көпшіліктің көңілінде ұзақ сақталатын әсерлі музыкалық кешке айналды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы