Зағип жанға тұрақты жұмыс беріледі
Қазақстанда жұмыс істеймін деген адамның екі қолына бір күрек табылады. Мәселен, Павлодарда туғаннан көзі көрмеген 44 жастағы әйел адам жақында «мейірбике ісі» бойынша диплом алды. Енді бірер күнде облыстық әкімдіктің қолдауымен жұмысқа орналасады. Зағип жанға қатысты мәселенің шешімін меншікті тілшіміз Болат Аманбаев зерделеп көрді.
Мадина Абдығазизова мүгедектігіне байланысты бөлінетін жәрдемақыға қарап отырған жоқ. Ол массаж жасаумен айналысады. Тұрақты келіп отыратын адамдары бар.
Әділет Ниет, Павлодар қаласының тұрғыны:
Мадина апайға мен бұрыннан келіп отырамын. Қолдары өте ерекше. Массажы жақсы. Біраз массажистерге негізі барғанмын. Бірақ Мадина апайдың массждарынан мен өте жақсы әсер алып, өзімді жақсы сезінемін.
Мадинаның қолында қазір екі дипломы бар. Кезінде «кітапхана ісі» бойынша білім алып, мамандығы бойынша бес жылдай жұмыс істеген екен. Бірақ кісі емдегім келіп тұрады, дейді ол. Адамның қан қысымын өлшеп беруден бастап диагноз қою, құяң үзумен машықтаныпты. Ақыры медициналық колледжге оқуға түсіп жақында «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша диплом алды.
Мадина Абдығазизова, Павлодар қаласының тұрғыны:
Солай жұмыс жасағым келеді. Өйткені, мен грантпен оқу бітірдім. Мен дипломды далаға тастағанды қаламаймын. Маған бір жерде істеген қолайлы.
Соңғы екі айда ол талай медициналық мекемеге барған. Бірақ көз жанарынан айрылған жанды ешбірі жұмысқа қабылдамапты. Болмаған соң Мансап орталығына тіркеледі. Осыдан кейін облыс әкімі Асайын Байханов «Арнайы жұмыс орындары» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілсін деген шешімге келіпті.
Қарлығаш Асаимова, Павлодар қаласы мансап орталығының директоры:
«Арнайы жұмыс орын» бағдарламасы аясында мансап орталығы жұмыс берушімен шартқа отырады. Облыс әкімдігінен 300 айлық есеп көлемінде қаржы бөлініп, сол қаражатқа Мадинаға жұмыс беруші арнайы аппараттарды, құрал жабдықтарды сатып алады. Оған қосымша субсидияланған жалақы да төленеді.
Қазіргі қоғамда аяқ қолы сау, бірақ мемлекеттен бөлінетін жәрдемпұлға жабысып алған адамдар баршылық. Ал, Мадина жұмыссыз деген аттан құтылатыныма қуаныштымын, дейді. Бүгінде Павлодар қаласында мүгедектігі бар 185 адам жұмыссыз ретінде есепте тұр. Жыл басынан осы санаттағы 54 азамат тұрақты, тағы 12 адам субсидияланған жұмыс орындарымен қамтылған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы