«Ұмай» ипотекасы 31 тамыз күні іске қосылады
Әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы алдағы дүйсенбіде іске қосылады. «Отбасы банк» өтінімдерді 31 тамыздан бастап бөлімшелерде және онлайн қабылдайды. Бағдарламаның негізгі талаптары қандай? Ипотека тұрғын үй бағасына әсер ете ме? Әйгерім Ердәулет саралап көрді.
Осы уақытқа дейін 4 мыңға жуық әйелдің баспаналы болуына мүмкіндік берген «Ұмай» бағдарламасы биыл да мыңдаған қыз-келіншектің үйлі болуына жол ашпақ.
Бағдарламаға қатысу үшін Алматы мен Астана тұрғындары үй құнының кемінде 20 пайызын, ал басқа өңірлердегілер 15 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеуі қажет. Қарыз алушы соңғы алты айдағы ресми табысын растауы тиіс. Отбасының орташа айлық таза табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспауы шарт. Несие 25 жылға дейін беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі - 14,8 пайыз. Максималды қарыз сомасы - 50 миллион теңге.
Мәселен, құны 30 миллион теңге болатын үй үшін 6 миллион теңге бастапқы жарна төлеу қажет. Ал алғашқы 10 жылда ай сайынғы төлем 387 мың 200 теңге болады. Кейін төлем депозит көрсеткішіне қарай төмендейді.
Назерке Ғалым, «Отбасы банкі» АҚ ресми өкілі:
Алдыңғы жарнаны депозитке салмайсыз. Бірден сатушының шотына аудару қажет болады. Қалған қаражатты Отбасы банк арқылы «Ұмай» бағдарламасымен рәсімдеуге болады. Бұл жерде депозитті бірден ашса да кедергі жоқ. Бірақ ескі депозитпен қатысуға болады. Қазіргі таңда бірінші транш 9 миллиард теңге қаражат бөлінді. Сол 9 миллиард аяқталған соң, біз тағы да келесі траншты күтетін боламыз.
Иә, «Отбасы банк» Азия даму банкінен тартылған 90 миллиард теңгенің 45 миллиард теңгесін «Ұмай» ипотекасына бөледі. Бағдарлама арқылы пайдалануға берілген жаңа үйлерді, құрылысы жүріп жатқан пәтерлерді және 2016 жылдан бері салынған қайталама нарықтағы баспананы сатып алуға болады. Экономистер ипотекаға сұраныстың артуы тұрғын үй бағасына әсер етуі мүмкін екенін айтады.
Мақсат Халық, экономист:
«Ұмай» бағдарламасының ең бір тиімді тұсы алғашқы жарнасының төмендігі 15-20% көлемінде. Көп жағдайда басқа ипотекалық бағдарламаға қарағанда тиімдірек. Кез келген ипотекалық бағдарлама нарықты белгілі бір дәрежеде сұранысты арттырады да нарықтағы бағалардың өсіміне ықпал етеді. Бұл туралы сол «Ұмай» ипотекасы берілетін сегменттегі үйдің бағалары қымбаттауына ықпал етеді деп айтуға болады.
«Ұмайға» өтінімді банк бөлімшесіне бармай-ақ, онлайн беруге болады. Ол үшін «Отбасы банктің» сайтындағы бейнеқызмет көрсету сервисін немесе Baspana Market-тегі жеке кабинетті пайдалануға болады. Өтінімдер бөлінген қаражат толық игерілгенге дейін қабылдана береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы