Оңтүстік Корея нарығында отандық бал мен ет өнімдеріне сұраныс жоғары
Қазақтың балы мен ет өнімдері Оңтүстік Корея нарығына экспортталуы мүмкін. Бұл – отандық өндірушілер үшін жаңа сауда алаңына шығуға берілген мүмкіндік. Алматыда өткен бизнес-форумда кореялық кәсіпкерлер отандық азық-түлік өнімдерінің сапасы мен бағасын, жеткізу мүмкіндігін, нарық талаптарына сәйкестігін талқылады.
Сауда және Интеграция министрілігінің ақпаратына сүйенсек, екі ел арасындағы тауар айналымы алғашқы жарты жылдықта 930 млн АҚШ долларына жуықтаған. Ал еліміздің Кореяға экспорты 5,5 пайызға өсіп, 290 млн доллар болды. Бұған дейін экспорттың негізгі бөлігін мұнай, ферроқорытпалар, титан, одан жасалған бұйымдар алды. Енді осы тізімге ет пен бал сияқты отандық азық-түлік өнімдерін де қосу көзделіп отыр.
Айдар Әбілдабеков, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
Корея нарығында ет өте қымбат тұрады. Ол жерге Корея нарығына кірудің өзі оңай емес. Келісім бір. Кейін ол өнімді жеткізу керек. Жеткізу мәселесінде үйретеміз. Кәсіпкерлерді үйретеді, қалай Корея нарығына кіреміз соны үйретеді. Ал Корея импорттаушылар қауымдастығы ар жақтан ішкі нарыққа кіруге көмектеседі.
Бизнес форумда қос елдің кәсіпкерлері өнімнің сапасы мен түрлерін, қанша көлемде жеткізуге болатынын, Оңтүстік Кореядағы талаптарды талқылады. Енді тараптар өнім үлгілерін ұсынып, қажетті құжаттар мен сертификаттарды рәсімдеу, сондай-ақ жеткізу шарттарын келісу жұмыстарын жалғастырмақ.
Ки-Чанг Квон, Корея импорттаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:
Бүгін ет өндіретін 40-тан аса компанияның өнімдерімен танысамыз. Келешекте ет, балмен шектелгіміз келмейді. Көптеген ауыл шаруашылығы өнімі, мысалы бидай, ұн Корея нарығына шыға алады деп есептеймін. Сондықтан алдағы уақытта қазақстандық кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатып, сауда көлемін арттыруға ниеттіміз.
Қыркүйекте Сеулде өтетін Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы саммит аясында да екіжақты сауда қарым-қатынасын дамыту мәселелері талқыланбақ. Тараптар отандық өнім түрлерін көбейтіп, логистика жолға қойылса, бұл екі ел арасындағы сауда көлемін арттыруға мүмкіндік береді деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы