Басты Жаңалықтар Қарағанды облысында тұрмыстық тауар өндірушілер көбейді

Қарағанды облысында тұрмыстық тауар өндірушілер көбейді

Қарағанды облысында тұрмыстық тауар өндіретін кәсіпорындар саны артып келеді. Шағын өндірістен бастап, ірі зауыттардан шығатын түрлі өнім бүгінде әлемнің 40 еліне экспортталып отыр. Ал, былтыр жергілікті шаруашлық өнімдерін даярлайтын кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» байқауында жеңіске жеткен.

2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінде 90-ға жуық экологиялық тұрмысқа қажетті тауар өндіреді. Ерекшелігі тұрмыстық химия өнімдері алдын ала зертханада тексеруден өтеді. Бүгінде кәсіпорынның өндірістік қуаты 120 тоннаға жеткен. Осының арқасында 2025 жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауында топ жарып, Президент қолынан марапат алған.
Дина Беделбаева, компанияның PR маманы:
Өнімдеріміз қауіпсіз әрі тиімді болуына ерекше мән береміз. Алдағы уақытта өндірістің басым бөлігін Қарағандыда жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Ол үшін Қытайдың озық тәжірибесін зерттеп, заманауи технологияларды енгізудеміз. Мақсатымыз сапалы әрі қолжетімді өнім өндіру.
Өңірде шағын өндіріске деген қызығушылық артып тұр. Қарапайым ермегін, табысты кәсіпке айналдырған жандардың да қарасы қалың. Солардың бірі тігінші - Гүлсім Кенжебекқызы. Кәсіпкер этностильдегі сан түрлі, сәнді шапан тігумен айналысады.
Гүлсім Кенжебекова, кәсіпкер:
Қолөнер деген күннен күнге дами береді, күннен күнге басыңа әртүрлі идея келе беретін зат қой. Қазіргі шапандарымызды киетін жас жігіттер. Біз 2016-дан бастап тіге бастадық. Сол екі ортада біз ЭКСПО-ның біраз затын тіктік. Астана операның заттарын тіктік.
Гүлсім Кенжебекқызы «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, заманауи жабдықтар сатып алған. Бүгінде мұнда 10-ға жуық тігінші жұмыс істейді. Жалпы өңірде тұрмыстық тауар өндіретін кәсіпорындар саны артып келеді. Ал жергілікті өнім түрін арттыру мақсатында 312 млрд теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба іске аспақ.
Асқар Ғазалиев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
Бүгінде облыста жүзден астам экспорттаушы бар. Өңір өнімдері әлемнің 40 еліне соның ішінде Қытай, Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Өзбекстан, Қырғызстан және Еуропа елдеріне экспортталады. Облыс экспортының көлемі 1,2 миллиард АҚШ долларын құрады.
Отандық өнім шығаратын кәсіпорындарды дамыту үшін ең алдымен жергілікті тауарларға деген сұранысты арттыру маңызды. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына жол ашып, өңір экономикасының дамуына және экспорттық әлеуеттің артуына мүмкіндік береді.


Бөлісу