Басты Жаңалықтар Вьетнамда Қазақстанның мәдениет күндері өтті

Вьетнамда Қазақстанның мәдениет күндері өтті

Ханойдың ең үздік концерт залында қазақ әндері шырқалды. Вьетнамда Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Еліміздің өнер майталмандары Вьетнам астанасында өткізген гала-концертке Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

Екі ел өнер майталмандарының гала-концерті Ho Guom Opera театрында өтті. Өзінің құттықтау сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары барысында берген тапсырмасын орындау аясында Алматыдағы көшелердің біріне Вьетнамның көрнекті мемлекет және саяси қайраткері Хо Ши Миннің есімі берілгенін атап өтті. Сонымен қатар, вице-премьер ұлттық бірегейлікті нығайту мен рухани мұраны сақтауда мәдениеттің айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстан үшін вьетнамдық көрерменге қазақтың күйлері мен әндері, дәстүрлі өнері және заманауи шығармашылығы арқылы еліміздің мәдени келбетін таныстыру – үлкен мәртебе. Сахнада 16 нөмір қойылды. Ернар Садырбаев Ханой филармониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Ал көрермендерді қазақ халқының ұлттық әуендерімен «Хассак» этно-фольклорлық ансамблі таныстырды.

Ернар Садырбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Өзге елдерде көптеген мерекелерге орай осы жолы Қазақстанның мәдениет күндері Вьетнамда тұңғыш ретпін. Өте сондай өзгеше қала екен. Астанасы. Қуаныштымыз. Әртістерімізбен бірнеше күн дайындалдық. Және де ең қызығы біз осы сахнада Вьетнам елінің мәдени тұлғаларымен бірге тұспа-тұс түсіп өнер көрсетеміз. Жартысы біздің оркестрде отыр. Жартысы бізбен ән айтады. Қуаныштымыз.
Ержан Жаманкеев, «Has Sak» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі:
«Хассақ» тобының Вьетнам еліне алғашқы сапары. Сондықтан Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне осындай қолдау, осындай ұйымдастыруына зор ризашылығымызды білдіреміз.

Ханойлық көрермендерге қазақстандық әртістердің вьетнам әндерін орындауы ерекше ұнады.

Лыу Тхань Хиеу, Ханой тұрғыны:

Мен бүгінгі шараға қатысып, осындай шын мәнінде күтпеген әрі әсерлі нөмір ұсынған екі елді де, өнерпаздарды да құттықтағым келеді. Әсіресе вьетнам тілінде «Ханой – гүлдердің 12 маусымы» әнін орындаған қазақстандық өнерпаз қатты әсер қалдырды. Бұл нөмір бүгін вьетнамдық көрермендердің жүрегінде терең әрі ұмытылмас із қалдырды.

Данг Динь Мань, Ханой тұрғыны:

Оның бүкіл өнерінің кереметтігін сипаттауға сөз жетпейді! Бұл – таңғажайып! Керемет әндер, тамаша билер, мінсіз өнер көрсету. Кей сәттерде сахнада вьетнамдық өнерпаздардың өздері өнер көрсетіп, біздің ел туралы ән айтып жатқандай әсерде болдым!

Та Куонг Донг, Вьетнам мәдениет, спорт және туризм вице-министрі:

Менің ойымша, келесі жылы да осы концертті өткізіп, оны үшінші жыл қатарынан жалғастырамыз. Иә, бәрі вьетнам тілінде түсінікті болды. Вьетнамдық көрермендерге қазақстандық өнерпаздардың вьетнам тілінде ән айтқаны қатты ұнайтынын көрдіңіздер. Олар бұл әндердің бәрін түсінді.

Вьетнамдағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Вьетнам Премьер-Министрінің орынбасары Фам Тхи Тхань Чамен кездесті. Тараптар дәстүрлі қолөнермен, жергілікті салт-дәстүрмен, гастрономиямен, шеберлік сабақтарымен және шығармашылық бағдарламалармен танысу арқылы мәдени ортаға тікелей араласуды көздейтін креативті туризм саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды. Сонымен қатар, қазақстандық делегация басшысы кинематография саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды. Атап айтқанда, өзара кино апталықтарын өткізу, екі ел кинематографистерінің фестивальдерге қатысуын кеңейту, Қазақстан мен Вьетнам аумағында түсірілімдер ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.


Бөлісу