Жамбыл облысында зағип жандарға арналған аудио шығармалар жарық көрді
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы тың жобаның тұсауын кесті. Кітапхана ұжымы бюджеттен бөлінетін ақшаға алақан жайып отырмай аудиокітаптар басып шығарды.
«Алтын қор» жобасы аясында жарық көрген цифрлы кітаптарға өңір қаламгерлерінің өз дауысымен оқыған 16 шығармасы енді. Осылайша мәдени мекеме зағип жандарға Әулиеатаның әдеби мұрасын тыңдау арқылы қабылдаудың жаңа мүмкіндігін ұсынды. Поэзия, проза және сатира жанрындағы аудиошығармалар диск, флешка және QR-код арқылы қолжетімді. Кітап оқуға кедергі келтіретін шектеулерді азайтатын инклюзивті бастама бойынша енді алда республикаға танымал авторлардың шығармалары аудиожазбаға айналмақ. Өйткені 3 мың оқырманы бар кітапхананың мыңға жуығы зағип жан.
Ербол Бегімов, оқырман:
Автордың шын үнін естіп, өзі үнін естіп сол автормен сөйлесіп отырғандай боламыз. Кейбір азаматтар бізде үйінде жұмыс істейді. Солар нүктелі бедерлі қаріпіндегі кітапты қолымен оқығанға уақыты болмай, қолмен жұмыс істеп отырады да өздері жаңағы кітапты қосып қойып тыңдап отырады. Бұл өте ыңғайлы.
Толқын Күзенова, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары:
Кітап мұқабасы өте қатты және арнайы қорапқа салынған. Себебі ол жердегі аудионұсқаларымыз, дисктарымыз, флешкалар орнатылған. Соның барлығы ұзақ мерзімге сақталу мақсатында қорапқа салынды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы