Басты Жаңалықтар Қостанай облысында әлеуметтік осал топтарға қайтарымсыз 118 грант берілді

Қостанай облысында әлеуметтік осал топтарға қайтарымсыз 118 грант берілді

Биыл Қостанай облысында әлеуметтік топтағы азаматтарға кәсіп бастау үшін 118 қайтарымсыз грант берілді. Мемлекеттік бағдарлама азаматтардың өз ісін бастап, тұрақты табыс табуына жол ашады.  Қолдаудың арқасында өңірдегі шағын кәсіптің тынысы кеңейіп келеді. Толығырақ Мәдина Нағашыбай тарқатады.

Заречный ауылының тұрғыны Гүлнәр Кулачинская ауласына жылыжай тұрғызып, қысы-жазы көгөніс егумен айналысады. Үшінші топ мүгедектігі болса да, бір сәт қол қусырып отырған емес. Мұндағы жасыл желекті өзі күтіп-баптайды. Дайын өнімді сауда орталықтары мен ауылдағы дүкендерге өткізеді. Былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грантқа ие болып, арнайы құрылғылар сатып алған. Ендігі мақсаты – өнім көлемін арттыру.
Гүлнәр Кулачинская, кәсіпкер:
Екі жыл болды осы теплицаны салғанымызға. Мемлекет ақша берді, жылу венткляторын алдық сол ақшаға. Бір жазда екі рет қияр өсіреміз, қыста жуа өсіреміз. Өзім қараймын, немерелерім көмектеседі.
Ал қостанайлық Талғат Досмұхамбетов қазақтың төл өнерін табыс көзіне айналдырған 4 баланың әкесі. Ол ағаштан ойып тұрмысқа қажет түрлі жиһаз бен ыдыс-аяқ жасайды. Әсіресе оюмен көмкеріліп, өрнектелген мына үстелдерге Ақтөбе облысынан сұраныс көп. Ал грант қаражатына алған лазерлі станоктың арқасында тапсырыс көлемі одан сайын ұлғайып, табысы да еселенген.
Талғат Досмұхамбетов, кәсіпкер:
Иә, көмек болмаса, өз ақшаммен ала алмаймын ондайды. Лазерный станок қымбат. Соның арқасында жұмыс та жеңілдеді. Мынандай столдар жасаймыз, бесіктер. Әр қазақтың отбасында жер үстел болуы керек, бала бар отбасында бесік болуы керек. Ол біздің рухымыз, ол біздің дәстүріміз.
Меңссұлу Ербұланова, облыстық еңбек мобильдігі орталығы директорының м.а.:
Ең көп алатын азаматтар мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы аналар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп жатқан ата-аналар. Өйткені бұл өте жақсы мүмкіндік ол кісілерге. Олар өз үйінде бизнесін аша алады. Бұл гранттар қайтарымсыз. 400 АЕК беріледі. Бүгінгі уақытта ол 1 млн 730 мың теңге.
Қайтарымсыз болғанмен, сұрауы бар. Кәсіпкерлер кейін қаражатты мақсатты түрде жұмсағанын құжат жүзінде дәлелдеуі тиіс. Әйтпесе қаражат мемлекетке қайтарылады. Биыл облыста түрлі әлеуметтік топтағы 118 азамат грант иесі атанды. Жыл санап оңтайлы мүмкіндікті пайдаланғысы келетіндер қатары артып келеді. Ал олардың дені қаражатты кондитерлік өндіріс, шаштараз қызметі, мал шаруашылығы мен жылыжай кәсібін дамытуға бағыттаған.


Бөлісу