Бәтима Зәуірбекованың 80 жылдығына арналған көрме өтеді
Ұлттық мәдениетте өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, елімізде гобелен өнерінің дамуына айрықша үлес қосқан тұңғыш әйел суретші Бәтима Зәуірбекованың 80 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылады. Экспозицияда суретшінің 80-нен астам гобелені, кескіндеме және графикалық туындылары ұсынылады. Қазір Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде көрмеге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бәтима Зәуірбекованың шығармаларында нәзіктік пен ұлттық болмыс, әйел бейнесі мен табиғат үндестігі ерекше үйлесім табады. Кеңес дәуірінде суретшілердің тақырыптары көбіне ортақ болғанымен, Бәтима Зәуірбекованың шығармалары композициялық шешімімен ерекшеленді. Ол дәстүрлі тақырыптарға өзіндік көзқараспен қарап, гобеленнің мүмкіндігін жаңа қырынан таныта білді, дейді өнертанушылар.
Гүлнәр Жұбаниязова, өнертанушы:
Суретшінің ерекшелігі композиция жағынан болсын, бояуы жағынан болсын өзінің нәзіктігімен, тақырыпқа байланысты композициялық шешімі, ондағы көрсетілген колориттік олардың барлығы динамикалық ырғақпенен келтіріп отырған жұмыстары өте көп. Сондықтан сұлулығына, әйел адамның нәзіктігіне, әйел адамның өзінің күнделікті шығармашылығына, өнерде болсын басқа салада болсын соның бір образды келтіруге күш салатын суретшілердің бірі.
Галерея Қастеев музейінің үлкен үш залында өтеді. Көрме төріне суретшінің 1970 жылдан бастап бүгінге дейінгі 80-ге жуық еңбегі қойылады деп жоспарланған. Олардың арасында өлшемі бес метрге жететін алып гобелендер де бар. Мерейтойға орай Бәтима Зәуірбекованың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап әзірленіп жатыр, дейді ізбасарлары.
Наталия Баженова, суретші, Ә.Қастеев атындағы ұлттық өнер музейінің бөлім басшысы:
Кітаптың авторы - Бәтима Зәуірбекованың рухани серігі әрі жақын құрбысы Шайзада Тоқтабаева. Басылымға автордың суретші туралы жазған көптеген мақаласы мен естелігі енгізіледі. Сонымен қатар кітап беттерінде Бәтима Зәуірбекованың гобелен, кескіндеме және графика жанрындағы 500-ге жуық туындысы жарық көреді.
Өнертанушылардың айтуынша, Бәтима Зәуірбекованың гобелендері – жіп пен бояудың ғана үйлесімі емес, уақыт пен талғамды, ұлттық танымды тоғыстырған көркем шежіре. Суретшінің шығармашылығына арналған көрме 25 қыркүйекте ашылып, үш ай бойы көрермендерге ұсынылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы